⚜Хиджама туралы білуіңіз керек барлық нәрсе

⚜Хиджама туралы білуіңіз керек барлық нәрсе

Соңғы жылдары хиджама Атырау облысының тұрғындары арасында ең танымал процедураға айналды.

Хиджама халықтық, дәстүрлі емес медицинаға жатады, бұл әдіс Шығыста белгілі болды және тері жабындыларының тұтастығын бұзумен байланысты манипуляцияларға негізделген арам қанды кетіру арқылы ағзаны емдеудің ең көне әдісі болып саналады.

Бұл процедураларды орындау кезінде әртүрлі лезвиялар, банкалар қолданылады. Бұл қызмет түрінің кепілдендірілген медициналық қызметтер тізіміне жатпайтынын және емдеу әдістері ғылыми тұрғыда  дәлелденбегендіктен  денсаулық сақтау Министрлігімен реттелмегенін атап өткім келеді. Сондықтан бұл тексерілмеген және көбінесе қауіпті емдеу әдістеріне жауапкершілік толығымен азаматтардың өздеріне жүктеледі.

Бүгінгі күні дәстүрлі емес медицина ине кіргізу, массаж және сүліктермен емдеумен қатар жетекші орынға ие болды. Көбінесе адамдар бұл процедураның салдары туралы ойланбастан интернет-ресурстар арқылы қан шығару қызметіне жүгінеді. Хиджама қызметін көрсетушілерде қажетті стерильді банкілер, лезвиялар жеткілікті бола бермейді,  соған байланысты оларды қайта пайдалануға жол беретінін білу маңызды. Хиджама процедурасынан өтудің ең қауіпті салдары – АИТВ, В, С, Д гепатитін және басқа да көптеген жұқпалы ауруларды жұқтыру ықтималдығы болып табылады.

Халық медицинасымен заңсыз айналысу, азаматтардың денсаулығына нұқсан келтіру Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген ауыр жауапкершілікті қарастырады.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 30 қарашадағы «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауға жататын өнімдер мен эпидемиялық мәні бар объектілердің тізбесін бекіту туралы» № ҚР ДСМ-220 бұйрығына сәйкес дәстүрлі және халық медицинасы (емшілік) эпидемиялық мәні елеусіз объектілерге жатады және уәкілетті мемлекеттік органды қызметін бастағаны туралы хабардар етуі қажет.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 29 шілдедегі «Дезинфекция, дезинсекция мен дератизацияны ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларын бекіту туралы №ҚР ДСМ-68 бұйрығына сәйкес медициналық бұйымдар (бұдан әрі – МБ) адам организмімен жанасу дәрежесіне және пациенттің жұқтыру қаупіне қарай үш топқа бөлінеді:

- сыни МБ – адамның тіндерімен, қуыстарымен немесе қан жүретін жолдарымен тікелей жанасатын медициналық мақсаттағы бұйымдар және медициналық техника;

- жартылай сыни МБ – зақымданбаған сілемейлі қабықтармен жанасатын медициналық мақсаттағы бұйымдар және медициналық техника;

- сыни емес МБ – зақымданбаған тері жабынымен жанасатын медициналық мақсаттағы бұйымдар және медициналық техника.  

Сыни және жартылай сыни МБ стерильдеуге, сыни емес МБ орта және төмен деңгейдегі дезинфекциялауға жатады.

Хиджама жасау үшін жоғарыда аталған Санитариялық ережелерге сәйкес санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау қажет.

Хиджаманы онкологиялық науқастарға, жүкті әйелдерге, жүрек ауруы бар, ауыр жұқпалы аурулармен, қанның ұюы нашар, қаназдық науқастарға жүргізуге болмайды.  Көптеген адамдар өздерінің денсаулық жағдайын білмей, денсаулыққа қауіпті салдарға және өмірге қауіп төндіретін дәстүрлі емес халықтық медицинаға, оның ішінде хиджама процедурасы қызметіне жүгінеді.

ҚР ДСМ СЭБК Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті дәстүрлі және халықтық медицина, оның ішінде хиджама қызметтеріне жүгінбес бұрын білікті дәрігерлердің кеңесін алуды ұсынады.