Медициналық көмек көрсетумен байланысты инфекция (МККБИ) — бұл науқаста медициналық көмек алу кезінде немесе одан кейін пайда болатын жұқпалы ауру. Мұндай инфекциялар ауруханада, емханада, перзентханада, стоматологиялық клиникада немесе басқа медициналық мекемеде пайда болуы мүмкін. Кейде МККБИ пациенттерде ғана емес, медицина қызметкерлерінде де пайда болады.
Қарапайым тілмен айтқанда, егер адам ауруханаға бір аурумен түсіп, ал емделу кезінде немесе одан кейін басқа инфекция пайда бокса, бұл МККБИ болуы мүмкін.
Инфекцияның себебі әртүрлі микроорганизмдер: бактериялар, вирустар, саңырауқұлақтар және басқа қоздырғыштар. Олар адам ағзасына қолдар, медициналық құралдар, катетерлер, таңғыштар немесе ауа тамшылары арқылы ене алады.
Инфекция қаупі артады, егер:
* науқас ұзақ уақыт стационарда болғанда;
* хирургиялық операция жасалғанда;
* катетерлер, зондтар немесе механикалық желдету аппараттары қолданғанда;
* адамның иммунитеті әлсірегенде;
* қол гигиенасы сақталмағанда;
* дәріге төзімді бактериялардың пайда болуына ықпал ететін антибиотиктерді дұрыс қолданбағанда.
МККБИ-ның ең көп таралған түрлері:
* хирургиялық операциядан кейінгі инфекциялар;
* зәр шығару катетерін қолданумен байланысты зәр шығару жолдарының инфекциясы;
* пневмония, әсіресе өкпені жасанды желдету аппаратындағы науқастарда;
* көктамыр ішілік катетермен байланысты қан инфекциялары.
Симптомдар қай органға әсер ететініне байланысты. Ең жиі кездесетін белгілер:
* дене температурасының жоғарылауы;
* әлсіздік және әл-ауқаттың нашарлауы;
* жара аймағындағы ауырсыну және қызару;
* жөтел және тыныс алудың қиындауы;
* іріңді бөлінділердің пайда болуы.
Егер мұндай белгілер пайда болса, дәрігерге хабарлау керек.
МККБИ дамуына неғұрлым бейім:
* қарт адамдар;
* операциядан кейінгі науқастар;
* созылмалы аурулары бар адамдар;
* иммунитеті төмен науқастар;
* ұзақ уақыт стационарда болған науқастар.
Пациенттерді қорғау үшін медициналық мекемелер алдын алу шараларының тұтас кешенін жүргізеді:
* медициналық персоналдың қолды үнемі өңдеуі;
* медициналық құралдарды стерилдеу және дезинфекциялау;
* санитариялық-эпидемияға қарсы режимді сақтау;
* қажет болған жағдайда бір реттік медициналық бұйымдарды қолдану;
* үй-жайларды уақтылы тазалау және дезинфекциялау;
* медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін тұрақты бақылау;
* антибиотиктерді ұтымды қолдану.
Антибиотиктер бактериялық инфекциялармен күресуге көмектеседі, бірақ олар вирустарға қарсы әрекет етпейді. Егер оларды дәрігердің нұсқауынсыз қабылдасаңыз немесе емдеуді мерзімінен бұрын тоқтатсаңыз, бактериялар дәрі-дәрмектерге төзімді болады. Болашақта мұндай инфекцияларды емдеу әлдеқайда қиынға соғады.
Сондықтан антибиотиктерді тек дәрігердің нұсқауы бойынша қабылдау және ұсынылған емдеу курсын қатаң сақтау керек.
Пациенттер де инфекцияның алдын алуға көмектесе алады: дәрігердің ұсынымдарын орындау, жеке гигиенаны сақтау және процедуралар алдында медицина қызметкерлеріне қолдарын өңдеу қажеттілігі туралы ескертуден қысылмау.
МККБИ емдеу ұзақтығын арттыруы, науқастың жағдайын нашарлатуы, асқынуларға әкелуі және медициналық көмекке кететін шығындарды арттыруы мүмкін. Сондықтан инфекциялық қауіпсіздік ережелерін сақтау медицина қызметкерлері үшін де, пациенттер үшін де маңызды.
Медициналық көмек көрсетумен байланысты инфекциялар қазіргі заманғы денсаулық сақтаудың маңызды мәселелерінің бірі болып қала береді. Алайда, мұндай инфекциялардың көпшілігін санитариялық-гигиеналық талаптарды қатаң сақтау, қолды дұрыс өңдеу, стерильді құралдарды қолдану және медицина қызметкерлері мен пациенттердің алдын-алу шараларына жауапкершілікпен қарауы арқылы болдырмауға болады. Инфекциялық қауіпсіздік ережелері неғұрлым жақсы сақталса, медициналық көмек соғұрлым қауіпсіз және тиімді болады.