
Туберкулез – туберкулез микобактериясы тудыратын жұқпалы ауру.
Туберкулез микобактериясы ағзаға ауа-тамшылы жолмен берілген жағдайда өкпе зақымдалады. Сондай-ақ өкпеден тыс мидың және оның қабықшаларының, сүйек, буын, бүйрек, жыныс мүшелері, көздің, ішектің және басқа мүшелердің туберкулезі кездеседі.
Туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын науқас жөтелгенде, түшкіргенде немесе сөйлегенде туберкулез бактериялары қоршаған ортаға түседі. Нашар желдетілген бөлмелерде науқас адаммен ұзақ және жақын байланыста болған кезде жұқтыру каупі жоғары болады.
Туберкулезбен сырқаттанған жағдайда келесі белгілер пайда болады: жөтел, әлсіздік, дене қызуының көтерілуі, тершеңдік, кеудедегі ауырсыну, тәбеттің төмендеуі, салмақ жоғалту, тез шаршау. Кейіннен барлық белгілер күшейіп, қан түкіру қосылуы мүмкін. Тұрақты, ұзақ жөтел туберкулездің негізгі белгісі болып табылады. Егер жөтел 2 аптадан астам уақытқа созылса, медициналық мекемеге хабарласып, туберкулезге тексерілу керек.
Балалар туберкулез ауруын жұқтыруда ең осал болып саналады. Әсіресе вакцинацияланбаған, иммунитеті әлсіз балалар туберкулезді жұқтыруға бейім келеді.
Балаларда туберкулез әлдеқайда ауыр өтеді, сондықтан БЦЖ вакцинасымен иммундау туберкулездің алдын алудың маңызды шараларының бірі болып саналады.
Туберкулезді жұқтыру кез-келген жаста орын алуы мүмкін, бірақ адамдардың ауруды жұқтыру қаупі жоғары топтары туберкулезді дер кезінде анықтау үшін жүйелі түрде туберкулезге тексерілуі керек.
Туберкулезді ерте кезеңде анықтау үшін ересектер флюорографиялық тексеруден өтуі қажет. Өкпені жыл сайын флюорографиялық тексеру аурудың асқынған түрлерін болдырмау мүмкіндігіне кепілдік береді.
Өкпе туберкулезінің жұқпалы түрін растайтын сенімді әдістердің бірі туберкулез бактерияларының болуына қақырықты микроскпиялық зерттеу болып табылады.
Туберкулинді диагностикалау – балалардағы туберкулездің клиникалық белгілері пайда болғанға дейін ерте кезеңде анықтаудың негізгі әдісі болып табылады. Бұл дер кезінде профилактикалық емдеуге мүмкіндік беретін және жасырын аурудың туберкулездің ашық түріне өтуіне жол бермейтін қауіпсіз диагностикалық сынама.
Туберкулез емделеді, ең бастысы өзін-өзі емдеуге болмайды. Егер аурудың белгілері пайда болса, мүмкіндігінше тезірек медициналық көмекке жүгінген жөн. Туберкулезді сәтті емдеу үшін дәрігердің ұсыныстарын қатаң сақтап, барлық тағайындалған дәрі-дәрмектерді уақытында қабылдап, қажетті тексерулерден өтуі керек.
Әрбір адам туберкулездің алдын алу үшін келесі шараларды сақтауы қажет:
- жөтелгенде және түшкіргенде туберкулез қоздырғыштарының ауаға таралуына жол бермеу үшін ауызды майлықпен жабыңыз;
- жіті респираторлық вирустық инфекция немесе жөтел белгілері бар адаммен бір бөлмеде болған кезде міндетті түрде медициналық масканы қолданыңыз;
- зиянды әдеттерден бас тартыңыз (темекі шегу мен ішімдіктерді асыра пайдалану) – кез-келген тәуелділік иммундық жүйені әлсіретіп, ауру қаупін арттырады.
Туберкулезді алдын алудың алғы шарттарын мүлтіксіз орындау арқылы Сіз өзіңізді осы дертті жұқтырмау шараларын алуға толық мүмкіндігіңіз бар екенін әрдайым есіңізде сақтаңыз!