⚜️Балалардың жазғы демалысы: қауіпсіздік пен денсаулық – басты назарда

⚜️Балалардың жазғы демалысы: қауіпсіздік пен денсаулық – басты назарда

Жазғы демалыс – балалар үшін тек тынығу кезеңі ғана емес, сонымен қатар олардың денсаулығын нығайтып, жаңа оқу жылына күш-қуат жинайтын маңызды уақыт. Сондықтан ата-аналар балаларының демалысын ұйымдастыруда тек қызықты бағдарламаларға ғана емес, ең алдымен, қауіпсіздік пен санитариялық талаптардың сақталуына ерекше мән беруі қажет.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті ата-аналарға балаларын демалыс орындарына жібермес бұрын келесі мәселелерге назар аударуға кеңес береді:

  1. Санитариялық-эпидемиологиялық қорытындының болуы: Жазғы маусымдық балалар лагерьлері (жыл бойы жұмыс істейтін ұйымдарды қоспағанда) сауықтыру маусымы басталғанға дейін объектінің халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкестігі туралы санитариялық-эпидемиологиялық қорытындыны алуға міндетті. Бұл қорытындының болуы балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығы үшін маңызды.
  2. Ресми тізіммен танысу: Санитариялық талаптарға сәйкес келетін балаларға арналған сауықтыру ұйымдарының тізімі Комитеттің ресми сайтында орналастырылған. Ата-аналар таңдаған лагерьдің осы тізімде бар-жоғын тексеруі қажет.
  3. Лагерь жағдайымен танысу: Лагерьдің аумағының тазалығы, ауыз суының сапасы, медициналық қызметтің қолжетімділігі, тамақтану жағдайы және басқа да санитариялық талаптардың орындалуына көз жеткізу маңызды.

Ата-аналарға балаларын демалыс ұйымдарына жіберер алдында оның тазалығына, азық-түлік сапасына, медицина қызметкерлерінің болуына, ауыз су режимінің сақталуына, шынықтыру шараларының жүргізілуіне және т.б. санитариялық талаптардың сәйкес келетініне көз жеткізу аса маңызды. Таңдау алдында Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ресми сайтына кіріп, барлық ақпараттарды толықтай алуға болады.

Балалардың жазғы демалысын қауіпсіз және пайдалы өткізу – ата-аналар мен демалыс ұйымдарының ортақ міндеті. Санитариялық талаптардың сақталуы балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі кепілі болып табылады.