Зарарсыздандыру әдістері және зарарсыздандыру жабдықтарын пайдалануға қойылатын талаптар

Зарарсыздандыру әдістері және зарарсыздандыру жабдықтарын пайдалануға қойылатын талаптар

Медициналық бұйымдардыстерильдеу химиялық әдіспен (стерильдеу құралдарының ерітінділеріне батыру арқылы), булау (жоғары қысыммен сумен қаныққан бумен әсер ету арқылы), ауа (құрғақ ыстық ауамен) әдісімен стерильдеу жолымен жүргізіледі:

 

Булау әдісімен тоттануға төзімді металдардан жасалған медициналық бұйымдар, аспаптардың, аппараттардың бөлшектерін, әйнекті, киім-кешекті, таңып байлау материалын, мақта түйіршіктерін, резеңкеден, латекстен жасалған бұйымдарды және пластмассаның жекелеген түрлерін стерильдейді.

 

Ауа әдісімен медициналық бұйымдар, аспаптар мен аппараттардың, оның ішінде тоттануға төзімді емес металдан жасалған бөлшектерін, силиконды резеңкеден жасалған бұйымдарды стерильдейді.

 

Химиялық құралдардың ерітінділерін қолдана отырып, химиялық стерильдеу әдісі конструкциясында термолабильді материалдар пайдаланылған бұйымдарды стерильдеу үшін қолданылады. Жұмыс ерітінділерінің араласуын болдырмау үшін оларға батырылған медициналық бұйымдар құрғақ болуы тиіс. Химиялық құралдардың ерітінділерімен стерильдеу кезінде барлық әрекеттер асептика қағидаларын қатаң сақтай отырып жүргізіледі: стерильдеу үшін стерильді ыдыстар және бұйымдарды химиялық заттардың қалдықтарынан шаю үшін стерильді су пайдаланылады.

 

Плазмалық стерилизаторларда сутегі тотығы негізінде стерильдеу құралдарын пайдалана отырып, плазмалық әдіспен хирургиялық, эндоскопиялық құралдар, эндоскоптар, оптикалық құрылғылар мен құрал-жабдықтар, талшықты жарық өткізгіш кабельдер, зондтар мен бергіштер, электр сымдары мен кабельдер және металдардан, латекстен, пластмассадан, әйнектен және кремнийден жасалған бұйымдар стерильденеді.

 

Гласперленді стерилизаторлар стоматологиялық ұйымдарда (кабинеттерде) борлар мен ұсақ құралдарды қыздырылған әйнек шарлардың ішіне толық батырып стерильдеуте қолданылады. Гласперленді стерилизаторлар қыздырылған әйнек шарлардың ішіне толық батыру мүмкін емес анағұрлым үлкен стоматологиялық құралдардың жұмыс бөліктерін стерильдеу үшін пайдаланылмайды.

 

Металдан жасалған стоматологиялық құралдарды инфрақызыл әдіспен стерильдейді. Газ әдісімен стерильдеу құралы ретінде этилен қышқылын, формальдегидті, озонды пайдалана отырып, әртүрлі, оның ішінде термолабильді материалдардан жасалған бұйымдарды стерильдейді. Газ әдісімен стерильдеу алдында стерильдеу алдында тазартудан кейін бұйымдардан көрініп тұрған ылғалды жояды.

 

 

Стерилизаторлардың жұмысын тексеруді физикалық (бақылау-өлшеу аспаптарын пайдалана отырып), химиялық (химиялық индикаторларды пайдалана отырып) және бактериологиялық (биологиялық индикаторларды пайдалана отырып) әдістермен жүргізеді.

Стерилизаторларды орнатқаннан (жөндегеннен) кейін, сондай-ақ пайдалану барысында өндірістік бақылау тәртібімен жылына екі реттен сиретпей бактериологиялық бақылауға жатады. Стерилизаторларға техникалық қызмет көрсетуді, оларды кепілді және ағымдағы жөндеуді сервистік қызметтердің мамандары жүзеге асырады.

Булау және ауа стерилизаторларының жұмысын бағалау химиялық және биологиялық тесттерді, термохимиялық индикаторларды пайдалана отырып, физикалық, химиялық және бактериологиялық әдістермен жүзеге асырылады. Физикалық және химиялық әдістермен стерильдеу циклі процесінде булау және ауа стерилизаторларының жұмыс режимінің параметрлерін бағалау жүзеге асырылады, бактериологиялық әдіспен стерилизатор жұмысының тиімділігі бағаланады.

Булау стерилизаторларымен жұмыс істеуге техникалық минимумды тапсыру туралы куәлігі бар оқытудан және булау стерилизаторымен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау жөніндегі нұсқамадан өткен, жасы он сегізден асқан адамдар жіберіледі.

Булау стерилизаторы қабырғалардан 0,8 метр, шкаф стерилизаторлары 1,5 м қашықтықта орнатылады. Үй-жайдағы еденге ток өткізбейтін материал төселеді. Әрбір электр стерилизаторы электр желісіне ажыратқыш немесе автоматты ажыратқыш арқылы қосылады. Ажыратқыш немесе автоматты ажыратқыш еденнен 1,6 м және булау стерилизаторынан 1 м-ден қашық емес қашықтықта орнатылады. Осы ажыратқышқа немесе автоматты ажыратқышқа тек бір ғана электр стерилизаторы қосылады.

Таңбасына пломба болмаған, тексеру мерзімі өткен, әйнегі сынған немесе басқа да зақымданулар болған кезде манометрді қолдануға жол берілмейді.