Ата-аналарға арналған ұсынымдар: балаңызға мектеп формасы мен рюкзакты қалай дұрыс таңдау керек?

Ата-аналарға арналған ұсынымдар: балаңызға мектеп формасы мен рюкзакты қалай дұрыс таңдау керек?

Жаңа оқу жылы қарсаңында ата – аналардың алдында баланы мектепке дайындау міндеті тұр. Мектеп формасының бар-жоғын әр мектепте бірінші ата-аналар жиналысында өз бетінше нақтылау қажет. Ресми форманы белгілі бір жапсырмалары бар бір жеткізушіден орталықтан сатып алатын мектептер бар. Егер мектепте бірыңғай форма болмаса, орта жолды іздеңіз — ең алдымен балаға ыңғайлы нәрсе.

 

Баланың денсаулығы үшін дұрыс таңдалған киімнің маңызы зор. Мектеп формасын сатып алар кезде, баланың осы киіммен 5-6 сағат, тіпті одан да көп сағат жүретінін есте сақтау маңызды. Киім өлшемін дұрыс таңдау керек және балаға ол киіммен отырғанда да, жүргенде де ыңғайлы екеніне көз жеткізу қажет.

 

Киім баланың қозғалысына кедергі болмауы тиіс, өте тар болмауы керек, себебі тар юбка немесе шалбар ішті қысып, ауыртатын болады, ал тар жейде мен сарафан тыныс алуды бұзуы мүмкін. Сондықтан, бірінші кезекте, мектеп формасы баланың денсаулығын сақтап, қимыл-қозғалысының еркін болуын қамтамасыз етуі тиіс.

 

Мектеп формасын қай матадан таңдаған жөн?

Білім беру ұйымында ұзақ уақыт болатын баланың киімі техникалық регламенттерге сәйкес биологиялық және химиялық қауіпсіздік талаптарына сай келетін табиғи материалдардан тігілуі тиіс. Баланың терісі демалып, аллергиялық реакциялардың алдын алу үшін гигиеналық жақсы қасиеттері бар табиғи талшықтан (жүн, мақта, зығыр, жібек) және вискозадан жасалған матаны таңдау ұсынылады.

 

Матаның құрамы: киімнің үстіңгі қабаты кемінде 35 % табиғи талшықтан немесе вискозадан; екінші қабаты ретінде астары 100 % табиғи талшықтан немесе вискозадан; блузка мен жейделер кемінде 65 % табиғи талшықтан немесе вискозадан болуы тиіс.

 

Сондай-ақ мектеп формасының қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ететін ауа өткізгіштігі, электростатикалық өріс кернеулігі және бояуының тұрақтылығы сияқты өлшемшарттар болады.

 

Мектеп сөмкесін (оқушылардың сөмкесі, рюкзак) қалай дұрыс таңдауға болады?

Бірінші сынып оқушысы немесе бастауыш мектеп оқушысы үшін сөмкені таңдау – әрбір ата-ананы алаңдататын маңызды мәселелердің бірі. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, мектеп сөмкесінің (оқушылардың сөмкесі, рюкзак) ауыр болуы балалардың денсаулығына кері әсер етеді.

 

Арнайы тірегі бар, артқы жағы қатты, омыртқаға түсетін салмақ пен қысымды бірдей бөлетін және омыртқаны қисайтпай, баланың арқасын түзу ұстауға арналған ортопедиялық ранецті таңдауға кеңес береміз. Иықбаулары ауыр салмақтан баланың иығын қиып кетпейтіндей ыңғайлы материалдан жасалған, жалпақ болуы тиіс, тұтқалары ұзындығы бойынша реттелетін болуы керек, бала оны арқасында тек екі иықбауымен асынуы тиіс, бұл ретте баланың белі мен мойнын қыспауы қажет.

 

Мектеп сөмкесінің өлшемі мен салмағы баланың бойы мен жасына сәйкес келуі тиіс. Ішіндегі заттарсыз мектеп сөмкесінің салмағы 1 килограмнан аспауы қажет, оқу құралдарымен бірге – ең көп дегенде 10%-нан аспауы тиіс. Мысалы, 1-3 сынып оқушыларының мектеп сөмкесінің салмағы 1,5-2 кг дейін, 4-5 сыныптар – 2-2,5 кг дейін, 6-7 сыныптар – 3-3,5 кг дейін, 8-11 (12) сыныптар – 4-4,5 кг дейін болуы тиіс.

 

Сонымен қатар сөмкені таңдаған кезде жарықтан шағылысатын арнайы белгілердің болуына көңіл аудару керек, бұл жолдан өту кезінде қауіпсіздік үшін қажет. Жүргізушілер қараңғы түскен кезде немесе нашар жарықтандырылған жерлерде жолдан өтіп бара жатқан баланы бірден байқайтын болады.

 

Әрине, мектеп формасын таңдағанда баланың пікірін тыңдау маңызды. Балаға таңдалған модель қаншалықты ұнаса, соғұрлым ол өзін жайлы сезінеді және оны киюге ыңғайлы болады, соғұрлым ол оны киюге қуанышты болады және сіз балаңыздың денсаулығын сақтай аласыз. Сізге сәтті сатып алулар тілейміз!