Сальмонеллез – нәжіс-ауыз берілу механизмімен берілетін жедел жұқпалы ауру, жыл бойы кездеседі, бірақ көбінесе жаз мезгілінде ауа температурасының көтерілуіне және азық-түлікті сақтау шарттарының бұзылуына байланысты тіркеледі. Инфекцияның қоздырғыштары - Salmonella тұқымдасына жататын микроорганизмдер.
Инфекция көзі - ауру адам, бактерия тасымалдаушылары немесе үй жануарлары. Инфекцияның берілу жолдары әртүрлі: тамақ, тұрмыстық (лас қолдар, пациенттерге күтім жасау құралдары, ластанған ыдыстар және т.б. арқылы), су ақылы (сирек кездеседі).
Инфекцияның резервуары ірі қара мал, шошқа және құс болып табылады, олардың арасында инфекциялық процесс жиі симптомсыз өтеді, сондықтан олар және олардың өнімдері қауіп төндіреді.
Адам сальмонеллезбен ластанған жануарлардан алынатын тамақ өнімдерін (негізінен жұмыртқа, ет, құс өнімдері, сүт, сүт өнімдері), кілегейлі кондитерлік өнімдерді, көкөністер мен жемістерді тұтыну, сондай-ақ ластанған су айдындарында шомылу, ластанған үй заттары, ыдыс-аяқ, кір қолдар арқылы жеке бас гигиенасын сақтамаудан ауырады.
Жарамдылық мерзімінен тыс тез бұзылатын өнімдерді пайдалану аурудың ықтималдығын арттырады, әсіресе жазда ауа температурасының жоғарылауымен, азық-түлік өнімдері сальмонеллалардың көбеюіне қолайлы орта болып табылады. Аурудың инкубациялық кезеңі 6 сағаттан 7 күнге дейін, көбінесе бірнеше сағаттан 3 күнге дейін созылады.
Сальмонеллез инфекциясының белгілері: ауру жедел басталады, дене қызуы көтеріледі, әлсіздік, бас ауруы, қалтырау, жүрек айну, құсу, іштің ауыруы, содан кейін нәжістің бұзылуы, көп жағдайда гастроэнтерит немесе гастроэнтероколит түрінде сипатталады.
2024 жылдың 6 айында Алматы қаласында сальмонеллезбен сырқаттанушылық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда – 1,40 құрады. 2023 жылғы аталған кезеңдегі 0,67 көрсеткішке қарағанда сальмонеллезбен сырқаттанушылық 2 есе өсті. Сальмонеллезбен ауыратындардың жалпы санынан 14 жасқа дейінгі балалардың үлес салмағы 25,0% құрайды.
Сауалнамаға сәйкес, науқастардың басым бөлігі үй жағдайында сапасыз өнімдерін тұтынған, дайындау технологиясы мен сақтау шарттарын (құс өнімдері, ет және сүт өнімдері) бұзылған, жеке бас гигиенасын сақтамаған. Бірен-саран жағдайда қоғамдық тамақтану орындарында тамақ ішумен байланыстырады.
Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары келесі алдын алу шараларын сақтау ұсынады:
1) дәретханаға барғаннан кейін, тамақ ішер алдында және тамақ дайындау алдында қолды сабынмен үнемі және мұқият жуу, бұл қолмен жанасу арқылы инфекцияның берілу қаупін азайтуға көмектеседі;
2) бактериялардың көбеюіне жол бермеу үшін тағамды тоңазытқышта төмен температурада сақтау, сақтау кезінде дайындалған және шикі тағамдардың көршілестігін қадағалау, пісірілген және шикі тағам үшін жеке тақтайлар мен пышақтарды пайдалану;
3) тез бұзылатын өнімдердің жарамдылық мерзімін қадағалау;
4) шикі сүтті және шикі сүттен жасалған сүт-өнімдерді тұтынудан аулақ болыңыз, тек пастерленген немесе қайнатылған сүтті ішу;
5) құрамында кремді кондитерлік өнімдер мен торттарды тек балғын күйінде тұтыну, оларды тоңазытқышта өндірілген сәттен бастап 24 сағаттан артық сақтауға болмайды;
6) рұқсат етілмеген сауда орындарынан ет, ет өнімдерін, құс етін, жұмыртқаны, сүт-сүт өнімдерін сатып алмаңыз;
7) тағамды дұрыс пісіру, оны мұқият термиялық өңдеуден өткізу, шала пісірілген тағамды, шикі жұмыртқаны жеуге болмайды;
8) көкөністерді, қарбыздар мен қауындарды, сондай-ақ тауық жұмыртқаларын ағынды судың астында мұқият жуу;
9) жүзу кезінде тек ресми рұқсат етілген жерлерде шомылу, суды жұтпауға тырысу қажет;
10) үстел мен ас үй ыдыстарын, тұрмыстық заттарды, балалар ойыншықтарын таза ұстау.
Балалар арасында аурудың алдын алуға ерекше назар аудару қажет, бұл ретте аналар, әсіресе, өмірінің бірінші жылында балаларды күту және тамақтандыру бойынша дәрігерлердің ұсынымдарын мүлтіксіз орындауы қажет.
Сальмонеллездің белгілері немесе симптомдары байқалғанда дереу медициналық көмекке жүгіну керек және өзін-өзі емдеуге болмайды.