Жазғы демалыс – мектеп оқушылары үшін ерекше ықыласпен күтетін уақыт. Жыл бойы білім нәрімен сусындаған жас жеткіншек, жазғы демалыста сол жұмсаған күшінің орнын толтырып, денсаулығын нығайтып, ағзаны сауықтыру қажет. Сонымен қатар, жазғы демалыс мектеп оқушыларының жалпы физиологиялық, сана-сезімінің, дүниетанымының дамып, жетілу кезеңі. Сол себепті де жазғы демалыс кезінде бала үшін денсаулығын нығайтуға қолайлы кез деп қарастырылып, оның дара тұлға болып қалыптасуына жағдай жасау қажет. Жазғы демалыста бала уақытының көп бөлігін теледидар мен компьютердің алдында өткізбеу үшін ата-аналарға балаларын жазғы сауықтыру мекемелеріне жіберуге кеңес береміз. Жазғы сауықтыру лагерьлері – бала денсаулығын сауықтырып ғана қоймай, сонымен қатар, баланың тәжірибесін кеңейтетін, жаңа ақпараттарды қабылдайтын, жаңа білім мен біліктілікті дағдыға айналдыратын, жаңа адамдармен тез тіл табыстыратын, өзінің қызығушылықтарын қанағаттандыратын орын.
Жазғы сауықтыру лагерьлеріне қойылатын талаптар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2022 жылғы 10 тамыздағы №ҚР ДСМ-78 бұйрығымен бекітілген «Балалардың сауықтыру және санаторий объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларында реттеледі. Осы санитариялық қағидаға қысқаша тоқталатын болсақ.
Маусымдық жазғы сауықтыру бойынша қызметті жүзеге асыратын әрбір заңды және жеке тұлғаларда нысанның санитариялық ережелерге сәйкестігі туралы қорытындысы болуы міндетті. Санитариялық ережелерде көрсетілгендей, лагерь аумағы қоршалған болуы керек. Сонымен қатар, объектілерде тұрмыстық ауыз су, ыстық сумен жабдықтау, канализация, жарықтандыру, желдету және басқа да жүйелермен жақсы жағдайда қамтамасыз етілуі тиіс. Барлық үй-жайлар таза болуы міндетті, жуғыш және дезинфекциялық құралдарды қолдана отырып, күнделікті тазалау жүргізілу керек. Дератизация және дезинсекция шаралары жүргізіліп, жәндіктердің, кенелердің, кеміргіштердің болуына жол берілмеуі керек. Объектілердің жиһаздары мен жабдықтары балалардың өсуі және жас ерекшеліктеріне сәйкес болуы тиіс.
Жазғы сауықтыру орнында нысан басшысымен бекітілген перспективті мәзір жасалады. Тамақ өнімдерін және азық-түлік шикізатын қабылдау олардың сапасы мен қауіпсіздігін куәландыратын құжаттары болған жағдайда жүзеге асырылады. Сүзбе, айран, кілегей қосылған кондитерлік өнімдер, қуырылған өнімдер, қаймақ пен майонез қосылған салаттар, тәтті сусындар, фасфудтарды өндіруге және сатуға рұқсат етілмейді.
Нысанның жауапты тұлғалары тамақтандыру пунктіне қабылданған өнімнің сапасын, өнімді сақтау жағдайларын және мерзімдерінің сақталуын, тәуліктік үлгіні таңдау мен сақтаудың дұрыстығын, тағам дайындау технологиясының сақталуын, жеке қызметкерлер мен асхана кезекшілерінің гигиеналық ережелерді сақталуын тексереді. Дайын тағамды тарату- медициналық қызметкердің дайын тағамдар сапасына органолептикалық бағалау жүргізуінен кейін жүзеге асырылуы тиіс. Күн сайын ас блогында дайын өнімнің тәуліктік сынамасы алынуы керек.
Медицина қызметкерлері балалардың аурушаңдығын азайтуға және денсаулығын жақсартуға бағытталған сауықтыру шараларының кешенді жоспарын жасау керек. Сонымен қатар, үй-жайлардың, аумақтардың, суға түсу және спортпен айналысу орындарының дайындығын, балалардың денсаулығын динамикалық бақылауды, шынықтыру, сауықтыру, қызметкерлердің профилактикалық медициналық тексеруден уақытылы өтуін қадағалап отыруы тиіс. Барлық қызметкерлердің жұмысқа қабылданғаны туралы белгісі бар жеке медициналық кітапшалары болу міндетті.
Балалардың денсаулығы дұрыс теңдестірілген тамақтанумен, дұрыс ұйқы, дене шынықтыру және дұрыс ұйымдастырылған күнделікті күн тәртібіне тікелей байланысты.
Біз балаларымыздың қарапайым өмірлік дағдыларын, соның ішінде жеке бас гигиенасын сақтауды, балаларымызға қауіпсіз және пайдалы демалысты қамтамасыз етуіміз қажет.