
Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы 2014 жылғы 5 шілдедегі № 235-V ҚРЗ кодексінің (бұдан әрі - ӘҚбтК) 812-бабына сәйкес әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс оның жасалған жерi бойынша, ал осы Кодексте көзделген жағдайларда әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iсті қарау ведомстволық бағыныстылығына жататын уәкілетті органның (лауазымды адамның) орналасқан жері бойынша қаралады. Өзіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізіліп жатқан тұлғаның өтінішхаты бойынша іс осы тұлғаның тұрғылықты жері немесе көлік құралдарының, кемелердің, оның ішінде шағын көлемді кемелердің есепке алыну жері бойынша бойынша қаралуы мүмкін.
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстерді iстi қарауға құқық берілген орган (лауазымды адам) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттаманы және iстiң басқа да материалдарын алған күннен бастап он бес тәулік ішінде ӘҚбтК-нің 817-бабына сай қарайды. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзуге қатысушылардан өтiнiшхаттар келіп түскен жағдайда не iстiң мән-жайларын қосымша анықтау қажет болған кезде iстi қарап жатқан орган (лауазымды адам) iстiң қаралатын мерзiмiн ұзартуы, бiрақ бiр айдан аспайтындай етіп ұзартуы мүмкiн. Мерзімді ұзарту туралы уәжді ұйғарым шығарылады.
ӘҚбтК-нің 818-бабы бойынша орган (лауазымды адам) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарауға кiрiскенде:
1) iстi кiм қарайтынын, қандай iс қаралуға жататынын, кiм және осы Кодекстiң қандай бабының негiзiнде жауаптылыққа тартылатынын хабарлайды;
2) әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын жеке тұлғаның немесе заңды тұлға өкiлiнiң, сондай-ақ iстi қарауға қатысатын өзге де тұлғалардың келгенiне көз жеткiзедi;
3) iс бойынша іс жүргiзуге қатысушылардың жеке басын анықтайды және жеке тұлғаның заңды өкілдерінің немесе заңды тұлға өкiлдерiнiң, қорғаушының өкiлеттiктерiн тексереді;
4) іс бойынша iс жүргiзуге қатысушылардың келмеу себептерiн анықтайды және аталған адамдар болмағанда iсті қарау туралы не iсті қарауды кейiнге қалдыру туралы шешiм қабылдайды;
5) қажет болған жағдайларда iсті қарау кезiнде қатысуы мiндеттi болып табылатын адамды күштеп әкелу туралы ұйғарым шығарады, аудармашыны тағайындайды;
6) iсті қарауға қатысатын адамдарға осы Кодексте көзделген олардың құқықтары мен мiндеттерiн, оның ішінде мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен тегін заң көмегін алу құқығын түсiндiредi;
7) іс жүргізу тілін айқындайды, мәлімдеме жасау, түсiнiктемелер мен айғақтар беру, өтiнiшхаттар мәлімдеу, шағымдар жасау, іс материалдарымен танысу, оны қарау кезiнде ана тiлiнде немесе өзіне қатысты іс жүргізіліп жатқан адам өзі бiлетiн басқа да тiлде сөз сөйлеу, аудармашының көрсететін қызметтерін тегiн пайдалану құқығын түсiндiредi;
8) мәлiмделген бас тартуларды және өтiнiшхаттарды шешедi;
9) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттаманы, ал қажет болған кезде істің өзге де материалдарын жария етеді;
10) өзiне қатысты iс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан адамның түсiнiктемелерiн, iс жүргiзуге қатысатын басқа да адамдардың айғақтарын, маманның түсiндiрмесiн және сарапшының қорытындысын тыңдайды, өзге де дәлелдемелерді зерттейді, ал iстi қарауға прокурор қатысқан жағдайда оның қорытындысын тыңдайды;
11) мыналарға: егер iсті қарайтын лауазымды адамға қарсылық білдіру iстi мәнi бойынша қарауға кедергi келтiрсе, оның өздiгiнен бас тартуы немесе оған қарсылық білдіру туралы мәлiмдеуіне; егер қорғаушының, уәкiлеттi өкiлдің, сарапшының немесе аудармашының қарсылық білдіруі iстi мәнi бойынша қарауға кедергi келтiрсе, олардың қарсылық білдіруіне; iстi қарауға қатысатын адамдардың келу немесе iс бойынша қосымша материалдарды талап етіп алдыру қажеттiгiне байланысты, сондай-ақ осы Кодекстiң 51-бабының екiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларда iсті қарауды кейiнге қалдыру туралы ұйғарым шығарады. Қажет болған жағдайда орган (лауазымды адам) сараптама тағайындау туралы ұйғарым шығарады;
12) осы Кодекстiң 816-бабында көзделген жағдайларда iстi мәнi бойынша қарауға беру туралы ұйғарым шығарады.
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс қозғаған лауазымды адам немесе өкілдерінің әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы істер қозғауға құқығы бар мемлекеттік органның өкілі істі қарауға қатысқан жағдайда, олар құқық бұзушылықтың мәні бойынша түсініктемелерді және оны жасауда адамның кінәлілігінің дәлелдемелерін бірінші болып ұсынады.
Қажет болған жағдайларда осы Кодексте көзделген басқа да процестік әрекеттер жүзеге асырылады