Балалар арасындағы асқазан-ішек ауруларының алдын алу шаралары

Балалар арасындағы асқазан-ішек ауруларының алдын алу шаралары

Балалар арасында кездесетін асқазан-ішек аурулары – медицинада ғана емес, бүкіл қоғамды алаңдатып отырған өзекті мәселелердің бірі. Онымен күресті тек ғана дәрігерлер емес, ата-аналар да бірлесіп жүргізу қажет. Кез-келген ата-ананың міндеті – балаларды дұрыс тамақтана білуге дағдыландыру. Қазіргі кездегі кішкентай баланың сүйікті асы – қытырлақ картоп, кепкен нан, тәтті газдалған сусындар боп табылады. Ал ұзақ сақталатын әрі сырттан алынған ондай тағамдар адам денсаулығына өте зиян. Бұл енді ғана қалыптасып келе жатқан, күн сайын өсіп-жетілетін жас ағзаға кері әсерін тигізеді.

Балалар арасында асқазан-ішек ауруларының, өт жолының дискенезиясы, гастрит, эндокриндік аурулар арасында семіздік жиі кездесетіні алаңдатады. Оның басты себебі – балалардың дұрыс тамақтанбауы, жылдам әзірленетін өнімдерді, газды, энергетикалық сусындарды көп ішіп-жеуден, дене қозғалысының аздығынан деп айтуға болады. Осыған орай, жыл сайын мектептерде, бала-бақшаларда аталған ауруларға әкелетін себептерді алдын алу мақсатында балалар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, арнайы семинарлар ұйымдастырылып тұрады.

Балалар арасындағы асқазан-ішек ауруларының алдын-алу жолдары:

  • дұрыс тамақтану режимін сақтау;
  • дене салмағын бақылау;
  • стрестік жағдайлардан аулақ болу;
  • фасфуд тағамдарын пайдалануды шектеу;
  • газдалған, тәтті, энергетикалық сусындарды ішпеу;
  • спортпен шұғылдану.

Жоғарыда аталған жалпыға мәлім қарапайым ережелерді сақтай отырып, балалар арасында кездесетін асқазан-ішек ауруларының алдын алуға болатынын естен шығармаңыз.