Стерильді эндоскопиялық араласуларды жүргізуге арналған иілгіш эндоскоптарды өңдеу

Стерильді эндоскопиялық араласуларды жүргізуге арналған иілгіш эндоскоптарды өңдеу

Эндоскоптар пайдалану процесінде сілемейлі қабықтармен жанасады және стерильді ағзаларға, тіндер мен организм қуыстарына енеді. Мақсаты бойынша олар стерильді және стерильді емес эндоскопиялық араласулар жүргізуге арналған эндоскоптар болып бөлінеді. Эндоскопты әр пайдаланудан кейін оны өңдеудің барлық кезеңдері толық көлемде жүргізіледі. Эндоскопиялық араласуға қолданылғанына немесе қолданылмағанына қарамастан, эндоскоптың барлық арналары өңделеді.

Герметикалығы бұзылуы, өндірістік ақаулар, дұрыс тазартпау және жоғары деңгейде тиімсіз дезинфекциялау, арналарын жеткіліксіз кептіру кезінде эндоскоп инфекция қоздырғышын беру факторы болып табылады. Эндоскоптарда биопленканың түзілуімен микроорганизмдердің көбеюіне және жинақталуына қалдық органикалық ластанулар (сапасыз тазарту кезінде) және ылғалды күйде сақтау ықпал етеді. Биопленканың ішіндегі микроорганизмдер дезинфекциялау құралдарының әсерінен қорғалған.

Барлық пациенттер инфекция қоздырғыштарының әлеуетті көздері ретінде қарастырылады, осыған байланысты барлық эндоскоптар мен олардың керек-жарақтары пайдаланылғаннан кейін бірыңғай стандарт бойынша өңделеді.

Әрбір эндоскопқа жеке код беріледі, ол оның моделі мен сериялық нөмірі туралы мәліметтерден тұрады. Код бөлімде, бөлімшеде, эндоскопия кабинетінде орындалатын зерттеулерді тіркеу журналының ерекше белгілер бағанында және эндоскопиялық зерттеулер хаттамасында көрсетіледі.

Эндоскоптар мен олардың құралдарын өңдеуді орындайтын медицина қызметкері химиялық төзімді материалдан жасалған бір рет қолданылатын қолғапты, қорғаныш көзілдірігін, масканы немесе бетке арналған қорғаныш экранын; халатты немесе жамылғыны (ұзын жеңді, ылғал өтпейтін) немесе бір рет қолданылатын су өткізбейтін жеңі (жеңқап) бар алжапқышты қамтитын жеке қорғаныш құралдарын киеді.

Эндоскоптың сыртқы беттерін алдын ала тазарту жуу құралының ерітінділеріне батырылған сулықтармен немесе бір рет пайдаланылатын ысқышпен сүрту тәсілімен жүргізіледі. Арналар жуу құралының ерітіндісімен және (немесе) сумен жуылады. Алдын ала тазарту эндоскопиялық манипуляциялық бөлмеде бекітетін қасиеттері жоқ жуу (жуу-дезинфекциялау) құралының ерітіндісіне құралдарды толық батыру тәсілімен жүргізіледі. Осы сулау кезеңі аяқталғаннан кейін ерітінді төгіледі, құралдар перфорацияланған табандықта сумен жуылады (эндоскопиялық манипуляциялық бөлмеде құралдарға арналған жуу ванналары болған жағдайда). Ерітіндіні төгу және құралдарды шаю үшін жағдай болмаған кезде оларды жабық контейнердегі ерітіндіде жуу-дезинфекциялау үй-жайына немесе орталықтандырылған стерильдеу бөлімшесіне  тасымалдауға жол беріледі.

Дезинфекциялаумен біріккен стерильдеу алдында тазарту қолданылатын шоғырлануда бекітетін қасиеттері жоқ дезинфекциялау құралының ерітіндісінде жүргізіледі.

Стерильді эндоскопиялық араласуларды жүргізуге арналған иілгіш эндоскоптарды пайдаланылғаннан кейін өңдеу мынадай ретпен жүзеге асырылады: алдын ала тазарту; дезинфекциялаумен біріккен стерильдеу алдында тазарту; стерильдеу; микроорганизмдермен қайталама контаминацияны болдырмайтын жағдайларда сақтау.

Иілгіш эндоскоптарды алдын ала, стерильдеу алдында тазарту, дезинфекциялаумен біріккен тазарту процесі стерильді емес араласуларға арналған эндоскоптар үшін қойылатын талаптарға сәйкес жүзеге асырылады.

Иілгіш эндоскоптарды стерильдеу химиялық ерітінділерде қол немесе механикаландырылған тәсілдермен температурасы төмен стерилизаторларда жүргізіледі, олар эндоскоптың нақты моделі үшін (арналардың материалдары, мөлшері, ұзындығы және диаметрі) пайдалануға шектеулер жоқ.

Қол тәсілімен эндоскоптарды стерильдеу процесі мынадай кезеңдерді қамтиды:

1) дезқұралдардың біреуінің ерітіндісінде эндоскопты толық батыру және адаптерлер арқылы (жуу түтіктері) арналарын мәжбүрлеп толтыру, сондай-ақ сыртқы беттерінен ауа көпіршіктерін кетіру арқылы стерильдік ұстау;

2) нақты стерильдеу құралын қолдану жөніндегі нұсқаулыққа сəйкес эндоскопты стерильді сумен шаю. Ішкі арналар адаптерлер, жуу түтіктері арқылы шайылады.

3) стерильді су және суға арналған стерильді контейнерлер бір рет пайдаланылады.

4) эндоскоптың сыртқы беттері стерильді сулықтармен, арналары - ауа қысымымен немесе ауаны аспирациялаумен кептіріледі. Арналарды спиртпен қосымша кептіру жүргізілмейді. Стерильдеу құралдарының қалдықтарынан жуылған және кептірілген бұйымдар стерильді шүберек төселген стерильді стерильдеу қорабына салынады. Стерильденген бұйымдарды жол берілетін сақтау мерзімі 72 сағаттан аспайды.