
Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі № 235-V ҚРЗ «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің (бұдан әрі- Кодекс) 826-1-бабына сәйкес, 744, 745, 746, 747, 748 және 753-баптарында көрсетілген тұлғалар жоғары тұрған органға (лауазымды адамға) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыға, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқамаға – шағым жасауы, ал прокурорлар наразылық білдіруі мүмкін.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыға шағым, наразылық – қаулының көшірмесі табыс етілген күннен бастап он тәулік ішінде, ал осы Кодекстің 744, 745, 746, 747, 748 және 753-баптарында көрсетілген тұлғалар істі қарауға қатыспаған жағдайда, қаулыны алған күннен бастап беріледі.
Шағымның, наразылықтың осы бапта белгіленген мерзімде берілуі әкімшілік жаза қолдану туралы қаулының, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқаманың орындалуын шағым, наразылық бойынша шешім шығарылғанға дейін тоқтата тұрады
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыға, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқамаға шағым, наразылық олар келіп түскен күннен бастап он тәулік ішінде қаралуға тиіс. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуге қатысушылардан өтінішхаттар келіп түскен не істің мән-жайларын қосымша анықтау қажеттігі болған жағдайда шағымды, наразылықты қарау мерзімін істі қарайтын жоғары тұрған орган (лауазымды адам) ұзартуы, бірақ он тәуліктен аспайтын мерзімге Кодекстің 826-3-бабы бойынша ұзартуы мүмкін.
Кодексітң 826-4-бабына сай әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыға, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқамаға шағымды, наразылықты қарап, жоғары тұрған орган (лауазымды адам) мынадай шешімдердің біреуін қабылдайды:
1) қаулыны, нұсқаманы өзгеріссіз, ал шағымды, наразылықты қанағаттандырусыз қалдыру туралы;
2) қаулыны өзгерту туралы;
3) қаулының, нұсқаманың күшін жою және істі тоқтату туралы;
4) қаулының, нұсқаманың күшін жою және іс бойынша жаңа қаулы шығару туралы.
Іс бойынша қаулыға, нұсқамаға шағым, наразылық бойынша шешім ол қабылданғаннан кейін дереу жария етіледі және осы Кодекстің 822-бабына сәйкес жазбаша не электрондық құжат нысанында ресімделген шағым, наразылық бойынша қаулы түрінде шығарылады.
Іс бойынша қаулыға, нұсқамаға шағым, наразылық бойынша қаулы ол шығарылғаннан кейін үш тәулікке дейінгі мерзімде өзіне қатысты іс бойынша қаулы шығарылған, нұсқама ресімделген тұлғаға немесе оның өкіліне, шағым берген жағдайда жәбірленушіге, сондай-ақ наразылық келтірген прокурорға табыс етіледі немесе жолданады.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыға, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқамаға шағым, наразылық бойынша жоғары тұрған органның (лауазымды адамның) қаулысына қаулы табыс етілген немесе алынған күннен бастап он тәулік ішінде осы Кодекстің 44-1-тарауында көзделген тәртіппен сотқа шағым жасалуы, наразылық білдірілуі мүмкін.