АИТВ инфекциясы (адамның иммун тапшылығы вирусы) – адамның иммун тапшылығы вирусы тудыратын ауру, иммундық жүйенің жұқтырылған иммун тапшылығы синдромына (бұдан әрі - ЖИТС) дейін біртіндеп бұзылуына алып келетін, оның ерекше зақымдалуымен сипатталатын, оппортунисттік инфекциялардың және қайталанған қатерлі ісіктердің дамуымен бірге өтетін антропонозды инфекциялық созылмалы ауру.
ЖИТС – адамның иммун жүйесінің АИТВ-дан қатты зақымдануынан туындаған патологиялық белгілер байқалатын АИТВ инфекциясының соңғы сатысы.
Медициналық ұйымдардың, оның ішінде зертханалардың медицина қызметкерлері және денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдарында білім алатын адамдар парентеральдық берілу тетігі бар инфекцияларды жұқтыру бойынша тәуекел топтарына жатады.
Инфекцияларды жұқтыру жолдары:
- терінің зақымдалуы (инемен шаншу немесе өткір аспаппен кесу);
- шарышты қабықтарға немесе зақымдалған теріге биологиялық сұйықтықтардың түсуі;
- зақымдалмаған терінің тіндермен және биологиялық сұйықтықтармен ұзақ немесе ауданы бойынша көлемді жанасуы.
Биологиялық сұйықтықтармен, оның ішінде: қанмен, шәуетпен, қынап бөлінділерімен, синовиялық сұйықтықпен, ми-жұлындық сұйықтықпен, плевралық сұйықтықпен, перитонеалдық сұйықтықпен, перикардтық сұйықтықпен, амниотиялық сұйықтықпен, сілекеймен жұмыс істегенде сақтандыру шаралары сақталады.
Сақтандыру шаралары: тірі кезінде немесе аутопсияда, кез келген кесіліп алынғандармен (немесе алынып тасталғандармен), адам тіндері мен ағзаларымен (зақымдалмаған теріден басқа); қанмен берілетін инфекцияларды жұқтырған тәжірибелік жануарлардың тіндерімен және ағзаларымен; қанның көрініп тұрған қоспасы бар кез келген сұйықтықтармен; кез келген белгісіз биологиялық сұйықтықпен жұмыс кезінде сақталады.
Инфекция жұқтырудан қорғану мақсатында: осы құралдарды пайдаланудың барлық уақытында тері жамылғысын, көзді, ауызды және шарышты қабықтарды биологиялық сұйықтықтармен жанасудан қорғайтын жеке қорғаныш құралдары; жұмыс берушілер қамтамасыз ететін қорғаныш құрылғылары мен қауіпсіз технологиялар қолданылады.
Биологиялық сұйықтықтармен жұмыс істеу кезіндегі сақтандыру шаралары:
1) биологиялық сұйықтық теріге түскен кезде, қолғапты немесе жеке қорғаныш құралын шешкеннен кейін, дереу қолды сабынды сумен жуып, одан кейін ластанған жерді жуады. Қолды ағынды сумен жуады. Ағынды су болмаған жағдайда бір рет қолданылатын қағаз орамалдарын немесе антисептикалық сулықтарды пайдалану қажет;
2) инелері бар бір рет қолданылатын шприцтер пайдаланғаннан кейін алдын ала жуылмастан, дезинфекцияланбай, бөлшектелмей және деформацияланбай дереу қауіпсіз жинау және кәдеге жарату контейнерлеріне (бұдан әрі – ҚЖКЖК) тасталады;
3) көп рет қолданылатын ластанған, кесетін және шаншитын аспаптар кейіннен өңдеу үшін қатты, ылғал өткізбейтін (түбі мен қабырғасы), таңбаланған контейнерлерге бірден салынады;
4) пайдаланылған құрал-саймандарға арналған ҚЖКЖК және таңбаланған контейнерлер пайдалануға қолайлы жерде орналастырылады, олардың толтырылуына (төрттен үш бөлігіне дейін толтыру) жол берілмейді және тек мұқият жабық күйінде тасымалданады;
5) биологиялық сұйықтықтардың үлгілері тиісті таңбасы бар герметикалық контейнерлерге салынады. Егер үлгілері бар контейнер ластанса немесе зақымдалса, оны екінші контейнердің ішіне салу қажет;
6) биологиялық сұйықтықтармен ластанған жабдыққа техникалық қызмет көрсету және тасымалдау алдында дезинфекциялау қажет;
7) ластанған төсек-орынға жанасуды барынша азайтады, оны таңбаланған қаптарға немесе контейнерлерге салады, ылғал заттарды ылғалданбайтын қаптар мен контейнерлерде тасымалдайды.