Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 2 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-151 бұйрығы «Медициналық көмек көрсетумен байланысты инфекциялардың алдын алу жөніндегі санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» Санитариялық қағидаларына сәйкес медициналық ұйымның медициналық көмек көрсетуіне байланысты инфекциялар (МККБИ) жағдайы эпидемиологиялық диагностика деректерінің, пациентте болатын (эндогенді инфекция) және медициналық араласу жүргізумен байланысты (экзогенді инфекция) тәуекел факторлары әсерінің негізінде МККБИ анықтау өлшемшарттарын ескере отырып айқындалады.
Медициналық ұйымдарда МККБИ жағдайы тіркелген кезде бірінші тәулік ішінде санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шаралардың жедел жоспары әзірленеді.
Пациенттің медициналық ұйымда болған кезеңде немесе одан шыққаннан кейін инкубациялық кезең ішінде анықталған инфекциялық аурулары медициналық ұйым бойынша МККБИ ретінде есепке алынуға жатады.
Медициналық ұйым бойынша МККБИ ретінде келесілер есепке алынады:
1) жаңа туған нәрестелердің тері инфекциялары – егер үйге шығарылғаннан кейін жеті тәуліктің ішінде пайда болса, генерализацияланған түрлері – үйге шығарылғаннан кейін күнтізбелік отыз тәулік ішінде пайда болса;
2) акушерлік-гинекологиялық көмек көрсетумен байланысты инфекциялық асқынулар – үйге шығарылғаннан кейін отыз тәулік ішінде пайда болса;
3) хирургиялық араласудың инфекциялық асқынулары – үйге шығарылғаннан кейін күнтізбелік отыз тәуліктің ішінде пайда болса, имплантант болған кезде операция жасалғаннан кейін бір жылдың ішінде пайда болса есепке алынуға жатады.
Денсаулық сақтау ұйымы МККБИ-ны тіркеген кезде аумақтық бөлімшеге «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органға инфекциялық аурулар, улану жағдайлары туралы ақпарат (шұғыл хабарлама) беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 26 қазандағы № ҚР ДСМ-153/2020 бұйрығына сәйкес шұғыл хабарлама береді.
Медициналық ұйым қызметкері МККБИ жағдайының тіркелуі туралы мәліметтерді аумақтық бөлімшеге берген кезде пациент медициналық ұйымға келіп түскен күні, МККБИ белгілерінің пайда болған күні, шоғырландыру, бұрын алған медициналық манипуляцияларды (бөлімше, емдеу-диагностикалық емшара түрлері) және эпидемиологиялық деректерді көрсетеді.
МККБИ-дың әрбір анықталған жағдайы «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы есепке алу мен есеп құжаттамасының нысандарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 20 тамыздағы № ҚР ДСМ-84 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттiк санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарының инфекциялық және паразиттік ауруларды есепке алу (№267/е нысанды) журналына енгізіледі.
Медициналық ұйымға инфекция әкелінген жағдайда инфекция жұқтыру орын алған медициналық ұйымға және аумақтық бөлімшеге эпидемиологиялық деректерді және клиникалық-диагностикалық зерттеулердің нәтижелерін көрсете отырып, бір тәулік ішінде ақпарат жіберіледі. МККБИ жағдайы анықталған кезде эпидемиологиялық тергеп-тексеру жүргізіледі, тергеп-тексеру барысында инфекцияның көзін, оның берілу факторлары мен жолдарын анықтау, МККБИ жаңа жағдайларының тіркелуінің алдын алу бойынша шара қолданылады.
Медициналық ұйымдар меншік нысанына қарамастан аумақтық бөлімшелерге тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін күнтізбелік 3 күннің ішінде әрбір МККБИ жағдайының кезеңдік есептері мен тергеп-тексеру хаттамасын ұсынады.
Медициналық ұйымдарда медициналық көмек көрсетумен байланысты инфекцияларды анықтау өлшемшарттары:
1. Медициналық көмек көрсетумен байланысты инфекция (бұдан әрі –МККБИ) жағдайларын анықтау науқастың жағдайын тікелей бақылаудың, стационарлық науқастың медициналық картасын, зертханалық және диагностикалық зерттеулердің нәтижелерін зерделеу нәтижесі болып табылады. МККБИ-ы диагностикалық өлшемшарттардың кешені және науқасқа медициналық көмек көрсету негізінде айқындалады.
2. Зертханалық деректер клиникалық, биохимиялық және микробиологиялық зерттеулердің нәтижелерін және диагностикалық зерттеудердің, оның ішінде рентгенологиялық, ультрадыбыстық, компьютерлік томографияның, ядролық-магниттік резонанстың, радиоизотопты сканерлеудің, эндоскопияның, биопсияның және пункциялық биопсияның қосымша әдістерін қамтиды.
3. МККБИ диагнозы анықталған кезде науқастың денсаулық сақтау ұйымына инкубациялық және жұқпалы кезеңдерде келуін болдырмау қажет.