Алматы қаласы санитариялық- эпидемиологиялық бақылау департаментінің білім беру және тәрбиелеу объектілерін бақылау және қадағалау объектілері бөлімі бойынша бақылауда тұрған бала бақшалардың саны 894, оның ішінде 194 – мемлекеттік, 700 - жеке меншік.
Мектепке дейінгі тәрбие объектілеріндегі тамақтану жағдайларына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар 2021 жылғы 9 шілдедегі № ҚР ДСМ-59 «Мектепке дейінгі ұйымдарға және сәбилер үйлеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларымен (бұдан әрі - Санитариялық қағидалар) реттеледі.
Санитариялық қағидалардың 7 тарауына сәйкес мынадай негізгі талаптар белгіленген:
- объектілерде объекті басшысы бекіткен перспективтік маусымдық (жаз-күз, қыс-көктем) екі апталық мәзір жасалады;
- тамақтанудың іс жүзіндегі рационы бекітілген перспективтік ас мәзіріне сәйкес келеді;
- тез бұзылатын тамақ өнімдерін сақтау температурасы төмен тоңазытқыш жабдықтарында және (немесе) тоңазытқыш камераларында және (немесе) тоңазытқыштарда жүзеге асырылады; - температураны бақылау үшін термометрлер орнатылады. Сынап термометрлерін пайдалануға жол берілмейді;
- ас мәзірінде бірдей тағамдарды немесе аспаздық өнімдерді бір күнде немесе келесі 2 – 3 күнде қайталауға жол берілмейді;
- таңғы ас ыстық тағамнан (бірінші немесе екінші) және ыстық сусыннан, жұмыртқа, сары май немесе ірімшік қосылған бутербродтан тұрады. Екінші таңғы асқа шырындар, жемістер көзделеді;
- түскі ас салат, бірінші, екінші (негізгі ыстық тағам еттен, балық немесе құстан) және үшінші (компот, шай, шырындар және кисель) тағамнан тұрады. Пісірілген және жас көкөністерден күрделі емес салаттар дайындалады;
- бесіндік асының мәзіріне Кеден одағы комиссиясының 2011 жылғы 9 желтоқсандағы № 880 шешімімен бекітілген «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» Кеден одағының техникалық регламентінің 8-бабына сәйкес рұқсат етілген, тоқаш немесе кремсіз кондитерлік өнімдермен бірге балалар тағамына рұқсат етілген сусынды қосылады;
- кешкі ас көкөніс (сүзбе) тағамынан немесе ботқадан; негізгі екінші тағамнан (ет, балық немесе құс), сусыннан (шай, шырын, компот және кисель) тұрады. Екінші кешкі ас ретінде қосымша жемістерді немесе қышқыл сүт өнімдерін және кремсіз тоқаш немесе кондитерлік бұйымдарды қосады;
- тамақтандыру арасындағы интервал 3,5 – 4 сағаттан аспайды;
- тамақ өнімдерін және азық-түлік шикізатын қабылдауды олардың сапасы және қауіпсіздігін куәландыратын құжаттары болған жағдайда жүзеге асырады.
Сонымен қатар, объектілерде келесілерді дайындауға және өткізуге жол берілмейді:
- тұтыну қаптамасындағы кондитерлік бұйымдар мен тәттілерді (шоколад, кәмпит, печенье, халва, мармелад, пастила), морстарды;
- тез дайындалатын құрғақ тағамдық концентраттар негізіндегі бірінші және екінші тағамдарды;
- газдалған, емдік және емдік-асханалық минералдық суды, тәтті ішімдіксіз сусындарды, ішімдіксіз энергетикалық (сергітетін) сусындарды, диффузиялық қойылтылған шырындар (қапталған минералды және ауыз судан басқа), фаст-фудтарды: гамбургерлер, ход-догтар, чипсілер, кептірілген нан, қытырлақ нандар.
Осылайша, тамақтану жағдайын дұрыс ұйымдастыру - балалардың денсаулығын сақтаудың маңызды шарттарының бірі болып табылады және балабақшада уақытының көп бөлігін өткізетінін ескере отырып, балалардың денсаулық деңгейінің жақсаруына әкеледі.
Балабақшадағы балалардың денсаулығы - бұл бақша қызметкерлері мен ата-аналардың жауапкершілігі. Жалпы күш-жігермен балалардың дұрыс және сау дамуы үшін барлық жағдай жасауға тырысу керек.