Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 157-бабына сәйкес, бақылауды жүзеге асыру кезінде бақылау мен қадағалау субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайда, бақылау мен қадағалау субъектісі бақылау және қадағалау органдары мен олардың лауазымды адамдарының шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) осы Кодекстің 29-тарауында көзделген тәртіппен жоғары тұрған мемлекеттік органға не Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен сотқа шағым жасауға құқылы.
Бақылау мен қадағалау субъектісі бақылау және қадағалау органдары мен олардың лауазымды адамдарының қылмыстық істі тергеп-тексеруге байланысты шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасауды Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде белгіленген тәртіппен жүзеге асырады.
ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 29-тарауына сай, кәсіпкерлік субъектілері мемлекеттік органдардың және лауазымды адамдардың шешімдері, әрекеттері (әрекетсіздігі) олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын болса, оларға Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен шағым жасауы мүмкін.
Шағым құзыретiне оны қарау және ол бойынша шешім қабылдау кiретiн мемлекеттік органға беріледі. Шағым беру Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен берілген шағымдар міндетті түрде қабылдануға, тіркелуге және қаралуға жатады. Шағымдарды қабылдаудан бас тартуға тыйым салынады.
Мемлекеттік орган (мемлекеттік органның лауазымды адамы) кәсіпкерлік субъектісі берген шағымды Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде қарауға міндетті болып табылады.