Сыйымдылығы үш топқа дейінгі МДҰ-ны күтіп-ұстауға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар

Сыйымдылығы үш топқа дейінгі МДҰ-ны күтіп-ұстауға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар

 3 топқа дейінгі мектепке дейінгі ұйымдарды күтіп-ұстауға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар Республикасы  Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 9 шілдедегі №ҚР ДСМ-59 бұйрығымен бекітілген «Мектепке дейінгі ұйымдарға және сәбилер үйлеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларында белгіленеді.

 

Мектепке дейінгі ұйымдарды жеке тұрған ғимараттарда, жеке үй иеліктерінде, көп пәтерлі тұрғын үйдің алғашқы екі қабаттарында, сондай-ақ ішіне-жапсарлас салынған үй-жайларда орналастырылады. Сонымен қатар, көп пәтерлі тұрғын үйдің бірінші қабатында тұрғын үй-жайлар болмаған жағдайда, оның екінші қабатына орналастыруға жол беріледі. Көп пәтерлі тұрғын үйдің алғашқы екі қабаттарында орналасқан мектепке дейінгі ұйымдардың тұрғын үйдің кіреберісімен біріктірілмеген жеке кіретін есігі болуы қажет. Объектілерде орталықтандырылған шаруашылық-ауыз су, ыстық сумен жабдықтау, су бұру, жылумен жабдықтау жарамды жағдайда көзделеді.

 

Мектепке дейінгі ұйымдарда ең аз үй-жайлар жиыны бар сыйымдылығы 3 топқа дейін жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Қосымша алаңдар бөлу мүмкіндігі болмаған жағдайда:

  • бір үй-жайда 1 балаға кемінде 3,0 м2 есебінен ойын және жатын үй-жайларды біріктіруге жол беріледі, ал жатын аймағында түрлендірілетін (қайырмалы, жылжытылатын, домалатып шығарылатын) кереуеттер орнатылады;
  • киімге және аяқкиімге арналған жеке шкафтармен, орындықтармен жабдықталған ортақ киім шешетін бөлмелер ұйымдастыруға;
  • буфет-тарату бөлмелерін жабдықтамай топтарда немесе кесте бойынша ортақ асханада тамақтандыруды ұйымдастыруға;
  • топтан тыс асхана ыдыстары мен аспаптарына арналған орталықтандырылған жуу орындарын ұйымдастыруға;
  • дәретханаларда 10 балаға 1 унитаз және 1 раковина орнатуға;
  • балалардың есептік саны 30-дан аспайтын МДҰ-да бір дәретхана бөлуге;
  • дайын өнімдердің қауіпсіздігі қамтамасыз етілген жағдайда, ас блогындағы үй-жайлар жиынын және технологиялық жабдықтарды қысқартуға жол беріледі:
  • тамақты аймақтарды бөлу сақталған жағдайда кемінде 21 м2 болатын үй-жай алаңдарында дайындау;
  • көкөністер мен сусымалы өнімдерді сақтауға арналған аймақтар бөлінген қойма;
  • персоналға арналған үй-жай;
  • шикі өнімдерді және персоналдардың қолын жуу үшін бөлек жуғыштар, асүй ыдыстарын жуу үшін – пайдаланылатын ыдыстарды толық батыру үшін жеткілікті көлемдегі бір жуғыш орнатылады;
  • көп пәтерлі тұрғын үйдің алғашқы екі қабаттарында орналастырылатын, балалардың есептік саны 30-дан аспайтын сыйымдылығы 3 топқа дейінгі МДҰ-да тамақты аймақтау (тарату орны, шикі өнімдерді, дайын өнімдерді өңдеуге арналған, асүй ыдыстарын жууға арналған) сақталған жағдайда кемінде 12 м2 болатын үй-жай алаңдарында дайындауға жол беріледі;
  • төсек-орын қорын сақтау үшін қойма үй-жайлары немесе шкафтары бар бөлінген орынға;
  • серуендеуді ұйымдастыру үшін үй маңындағы аумақтағы қоршалған ойын алаңын пайдалануға (кесте бойынша серуендеуді ұйымдастыруға жол беріледі);
  • серуендеу алаңында балалар үшін олардың конструкциясының (жинаудың, орнатудың) қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, жылдың ыстық уақытында пайдалану үшін құрастырмалы қалқаларды, күркелерді орнатуға жол беріледі.

Медицина қызметкері болмаған жағдайда, медициналық қамтамасыз етуді аумақтық медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымының жүзеге асыруына жол беріледі, бұл ретте ауданы кемінде 6 м2 медициналық кабинетті жабдықтау көзделеді. Көп пәтерлі тұрғын үйдің алғашқы екі қабаттарында орналасқан, балалардың есептік саны 30-дан аспайтын үш топқа дейінгі сыйымдылығы бар мектепке дейінгі ұйымдарда медицина қызметкерлері үшін жеке жұмыс орнын бөлу қажет.