Өндірістік бақылау – өндірілетін өнімнің, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің адам және оның тіршілік ететін ортасы үшін қауіпсіздігін және (немесе) зиянсыздығын қамтамасыз етуге бағытталған, жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға орындайтын іс-шаралар, оның ішінде зертханалық зерттеулер мен сынақтар кешені.
Өндірістік бақылаудың мақсаты мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық нормалау жүйесінің құжаттарында белгіленген талаптардың сақталуын өзін-өзі бақылау объектісінде ұйымдастыру және жүргізу жолымен адам үшін өнімдердің, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігін және (немесе) зиянсыздығын қамтамасыз ету болып табылады.
Жеке кәсіпкерлер және заңды тұлғалар өндірістік бақылаудың тиімді жүйесін әзірлейді, құжаттамалық ресімдейді, енгізеді және жұмыс жағдайында ұстайды.
Өндірістік бақылауды қамтамасыз ету жеке кәсіпкерге және заңды тұлғаның басшысына жүктеледі.
Жүзеге асырылатын өндірістік бақылаудың уақтылығын, толықтығын және дәйектілігін қатамасыз ету жеке кәсіпкердің және заңды тұлға басшысының бұйрығымен тағайындалатын лауазымды тұлғаларға жүктеледі.
Өндірістік бақылауды жүзеге асыру бойынша іс-шараларды ұйымдастыруды жеке кәсіпкерлер және заңды тұлғалар жүргізеді.
Өндірістік бақылау мыналарды қамтиды:
1) өндірістік бақылау бағдарламасын әзірлеу;
2) нормалау құжаттарында белгіленген жағдайларда зертханалық зерттеулер мен өлшемдерді жүзеге асыру (ұйымдастыру).
Өндірістік бақылау бағдарламасы объектіде бар қауіп-қатерлерді (тәуекел факторларын) есепке ала отырып әзірленеді.
Өндірістік бақылау бағдарламасын әзірлеуді жеке кәсіпкер, заңды тұлға өз бетінше немесе санитариялық-эпидемиологиялық аудитті жүргізу бойынша қызметті жүзеге асыратын адамдарды тарта отырып жүзеге асырады.
Аспаптық және зертханалық зерттеулерді жеке кәсіпкер, заңды тұлға өндірістік зертханалар базасында не халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы олардың нормативтік құқықтық актілеріне және гигиеналық нормативтерге сәйкестігі туралы санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысы бар зертханаларды (сынақ орталықтарын) тарта отырып жүзеге асырады.
Өндірістік бақылауды жүргізу үшін сынама алуды және жеткізуді зертхананың маманы не объектінің оқытылған персоналы жүзеге асырады.
Өндірістік бақылау зертханалық зерттеулерді, сынақтарды қолдана отырып объектілердің мына санатында жүзеге асырылады:
Өнеркәсіптік және радиациялық қауіпті объектілерде – жалпы жұмыс орындары, үй-жайлар, өндірістік техникалық мақсаттағы өнімдер, санитариялық қорғау аймақтары,технологиялық процестер, тұтыну қалдықтары, полимерлік, синтетикалық материалдар, иондаушы, оның ішінде генерациялаушы сәулелеу көзі болып табылатын өнім, сондай-ақ құрамында радиоактивті заттар бар бұйымдар мен тауарлар, радиоактивті заттардың болуы гигиеналық нормативтермен регламенттелетін құрылыс шикізаты және материалдары.
Өндірістік бақылау зертханалық зерттеулерді және өндірістік ортаның ықтимал қауіпті факторларын сынауды қамтиды:
- өнеркәсіптік жиіліктегі электр және магнит өрістері;
- кең жолақты ЭМӨ, радиожиілік диапазонының электромагниттік сәулеленуі;
- оптикалық диапазондағы электромагниттік сәулелену;
- иондаушы сәулелену;
- химиялық факторлар.
Өндірістік объектілерде жүргізілетін өндірістік бақылау нәтижелері туралы ақпарат тиісті аумақтағы халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшелеріне жарты жылда 1 рет кейінгі айдың 5-күніне осы Санитариялық қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ұсынылады.