
Туберкулез ауруынан қорғанудың негізгі әдісі - туберкулездің микобактерияларына иммунитетті қалыптастыруға бағытталған, туберкулезбен сырқаттанушылық пен өлім-жітімді төмендетуге ықпал ететін, туберкулезді менингит, милиарлы туберкулез, казеозды пневмония сияқты күрделі асқынулардың дамуына жол бермейтін жаңа туған нәрестелерді туберкулезге қарсы ерекше вакцинациялау (БЦЖ вакцинасы) және инфекцияланбаған 1-сынып оқушыларын ревакцинациялау болып қала береді.
Туберкулезге қарсы жаппай вакцинациялау жаңа туған нәрестелерге перзентхаларарда жүргізіледі. Вакцинациялауға уақытша қарсы көрсетілімдері бар жаңа туған нәрестелер, сондай-ақ БЦЖ екпесінен кейін тыртығы дамымаған балалардың қайта егілуі тұрғылықты мекен – жайына қарасты емханаларда жүргізіледі. Вакцинаны егу бөлмесінде анасының қатысуымен және хабардар етілген жазбаша келісімімен жасалады.
Туберкулинодиагностика - балалар мен жасөспірімдер арасында туберкулез ауруын ерте анықтаудың негізгі әдісі. Бұл әдіс баланың ағзасына туберкулез микобактерияларының енгенін ерте анықтауға қолданылады және оны жыл сайын жүргізу баланың туберкулез ауруын жұқтыру фактісін уақтылы анықтауға мүмкіндік береді. Туберкулинодиагностиканы 72 сағаттан кейін нәтижені бағалай отырып, білектің ішкі бөлігінің тері ішіне Манту сынамасын қою арқылы жүргізеді.
Туберкулезге қарсы вакциналаудан кейін балаларда қалыптасқан иммунитет тек белгілі уақытқа дейін сақталады. Сондықтан вакцинациядан бірнеше жыл өткен соң оны қайталау қажет, яғни ревакцинациялау жасалады. Біздің елімізде ревакцинацияны 6 - 7 жаста, орта мектепке 1-ші сыныпқа келгенде жаңа оқу жылының бірінші айында (қыркүйекте) жасалады. Қазіргі таңда Алматы қаласында ағымдағы жылдың 1-ші қыркүйегінен 1-ші сынып оқушыларының арасында Манту сынамасы мен ревакцинация жүргізу басталды.
Азаматтардың назарын аударатын жәйт - кейбір ата-аналар арасында 1-ші сынып оқушылары арасында жүргізілген Манту сынамасын екпе деп, Манту сынамасын жасатудан бас тартып жатады. Бұл мүлдем қате пікір.
Манту сынамасы - бұл баланың ағзасында туберкулезді жұқтырғанын ерте анықтауға мүмкіндік беретін диагностикалық тест. Манту сынамасы оң нәтиже бергенде, яғни баланың ағзасына туберкулез таяқшаларының енгені анықталған жағдайда, педиатрлар мен эпидемиологтар туберкулездің одан әрі дамуын болдырмау үшін дереу алдын алу шараларын жүргізеді, жұғу себептерін анықтайды, өйткені баланың қоршаған ортасында туберкулезбен ауыратын, бірақ әлі анықталмаған науқастың болуы мүмкін. Оның өзі ауру туралы әлі күдіктенбейді, себебі туберкулез ЖРВИ, пневмония немесе басқа аурулар сияқты жедел түрде емес, бірте – бірте дамиды. Біздің тәжірбиеде Манту сынамасы оң болған баламен қарым-қатынаста болғандарды тексеру кезінде туберкулезбен ауыратын туыстары немесе ата-аналары жиі анықталып жатады.
Манту сынамасы оң болған бала ревакцинацияға жатпайды, өйткені оның ағзасында туберкулез таяқшаларының сырттан енуіне иммундық реакция пайда болған (иммунитет).
Осыған байланысты, оңтүстік мегаполистің эпидемиологтары диагностикалық тестілеу үшін қолданылатын препарат (туберкулин) вакцина емес екендігін ескертеді, сондықтан тек пайдасы болмаса, жағымсыз әсер немесе асқынулардан қорқып, Манту сынамасын қабылдаудан бас тартуға еш негіз жоқ.