Қызылша және қызамық жұқпаларының алдын алу

Қызылша  және қызамық жұқпаларының алдын алу

Ағымдағы жылдың 7 айында Алматы қаласы бойынша қызылша мен қызамық жағдайлары тіркелмеген.

Қызылша- ауа-тамшылы инфекциялар тобына жататын жедел жұқпалы вирустық ауру. Жұқпа адамнан адамға ауа арқылы жөтелу, түшкіру кезінде беріледі. Қызылша - адамдар үшін аса контагиозды жұқпалардың бірі, өйткені инфекция көзімен жақын қарым-қатынаста болған адамдардың 90% - дан астамы ауырады. Қызылшаның негізгі белгілері: дене қызуының жоғарлауы, мұрыннан су ағу,  әлсіздік, жөтел, ауыз қуысының шырышты қабатындағы ақ дақтар, қызыл түсті ірі біріктірілген дақтар түріндегі бөртпелер, сонымен қатар  жақ асты лимфа түйіндерінің ұлғаюы.

Қызылша, қызамық жұқпасына 14 жасқа дейінгі балалар ауруды қабылдағыш болып келеді, бырақ қазіргі уақытта сырқаттанушылық ересектер арасындада тіркелуде. Ауырғаннан кейін  адамда өмір бойлық иммунитет қалыптасады. Сонымен қатар, қызылша жүкті әйелдер үшін, әсіресе жүктіліктің бірінші триместрінде  өте қауіпті болып табылады, себебі өздігінен түсік түсуіне әкеліп соғуы мүмкін.

Шамамен қызылшамен ауырғандардың 30%-да бірқатар асқынулар болады. Жиі кездесетін асқынуларға отит, пневмония, іш өті, соқырлық және энцефалит жатады.

Қызамық-адамға ғана әсер ететін антропонозды жіті респираторлық вирустық ауру. Инфекция көзі - қызамықтың клиникалық белгілері айқын немесе жасырын түрі бар науқас адам. Инфекция ауа тамшыларымен (науқаспен сөйлескен кезде, түшкіру, жөтелу, айқайлау, өткір дем шығару, сүйісу кезінде) және вертикалды (анадан ұрыққа) беріледі. Қызамықпен ауыратын науқас бөртпе пайда болғанға  дейін және кейін 7 күн басқаларға өте жұқпалы.

Қызамық жүкті әйелдер үшін қауіпті. Жүкті әйел қызамық жұқтырған кезде, вирус анадан ұрыққа плацента арқылы беріледі, бұл ұрықта көптеген туа біткен ақаулардың дамуына және жүкті әйелде түсік түсіру, өлі туылу сияқты асқынуларға әкеледі. Балада көру, есту, жүрек, бауыр, сүйек ішілік зақымдану байқалады. Нәтижесінде бала соқыр, саңырау, жүрек ақауымен, ақыл-ой дамуының кешеуілдеуімен болып туылады. 

Қызамық қалай көрінеді? Қызамық ЖРВИ-ге тән болмашы симптомдармен өтеді, ал 30-50% - да клиникалық көріністері көрінбейді. Бөртпе алдымен бет терісінде пайда болады, содан соң бүкіл денені дәйекті түрде қамтиды. Бөртпе қызылша сияқты жарқын емес және біріктірілмейді. Кейде бөртпе элементтерінің аймағында аздап қышу байқалады. Әдетте, желке лимфа түйіндерінің ісінуі тән.

Қызылша мен қызамықтың алдын алудың ең тиімді шарасы - вакцинация болып табылады. Вакцинация ұлттық екпе күнтізбесіне сәйкес балалардың декреттелген жастары арасында жүргізіледі, бұл вакцинациядан кейінгі иммунитетті дамытуға мүмкіндік беріп, вакцинацияланған адамдарда өмір бойғы иммунитет түзетеді. Қызылша мен қызамыққа қарсы вакцинаның әр дозасы баланың иммунитетін күшейтеді.

Екпелерді жүргізу үшін ДДҰ сертификаттаған және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі рұқсат еткен қызылшаға, қызамыққа, эпидемиялық паротитке қарсы құрамдастырылған вакцина пайдаланылады. Вакцинация тұрғылықты жері бойынша емханалардың барлық егу кабинеттерінде тегін, сондай-ақ жеке медициналық орталықтарда ақылы негізде жүргізіледі. Жыл сайын қалада балаларды қызылшаға қарсы жоспарлы вакцинациялаумен қамту деңгейі 95% -99% (талап етілетін – 95% - дан кем емес) құрайды.

Қызылшаның алдын алу бойынша жүргізілген жұмыстар ауру деңгейін айтарлықтай төмендетуге және қаладағы эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік берді.

Есіңізде болсын, ауруды емдеуден гөрі алдын-алу оңай!