Электрондық темекі, бу генераторы, вапорайзер немесе вейп – бұл жоғары дисперсті аэрозоль жасайтын құрылғы. Қарапайым сөзбен айтқанда, бұл тартуға арналған бу. Бу арнайы сұйықтықтан пайда болып, қызған кезде буланып кетеді. Сыртқы пішіні темекіге де, темекі шегуге арналған электронды түтікке де ұқсас болуы мүмкін. Ағылшын тілінен аударғанда «vapor» сөзі «бу», ал «vape» етістігі «буды тарту» дегенді білдіреді. Вейп өндірушілері олардың өнімдері адамның ағзасы үшін толығымен қауіпсіз деп мәлімдейді. Алайда, іс жүзінде электронды темекі қарапайым темекі сияқты денсаулыққа зиянды. Оның негізгі құрамы - құрамында никотині бар пропиленгликоль. Тиісінше, бұл темекі өнімі деп айтуға болады. Бүгінде осы өнімнің отаны саналатын Сан-Франциско округінің өзі (АҚШ) мұндай сұйықтықтардан бас тартып отыр. Керісінше, қазақстандық жасөспірімдердің, әсіресе мектеп оқушыларының арасында бұл өнім кең тарап келеді.
Электронды шылым ең алдымен ауыз қуысына әсер етеді. Бу адам ағзасындағы тыныс алу жолдарын зақымдайды. Шырышты қабаттар қабынып, жедел респираторлы аурулар пайда болады. Әрине, ауру белгілері бірден байқала қоймайды. Көктем, күз маусымдарында шылымға әуес адамдарда бронхит асқына бастайды. Оған шылымның құрамындағы түрлі химиялық заттың әсерінен бронх демікпесі, аллергия сынды түрлі ауру қосылады. Себебі, никотин мөлшері аз болғанымен, оның орнын хошиістендіргіштер, майлар толтырып тұрғанын ескеру қажет.
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 110-бабында темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекі қыздыруға арналған жүйелерді, тұтынудың электрондық жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтарды және алкогольді тұтыну профилактикасы және оны шектеу талаптары көрсетілген. Электронды темекі дәстүрлі шылыммен теңестіріліп, оны ғимарат ішінде шегуге тыйым салынатыны көрсетілген. Сонымен қатар әдеттегі және электронды темекілерді ашық сөреде сатуға жол берілмейді. Олар арнайы жабдықталған сөреде шымылдық артында тұруы тиіс. Қазақстанда темекі өнімдерін тек жасы 21 ден асқан адамдарға сату көрсетілген.
Өз кезегінде, Алматы қаласының санитариялық дәрігерлері электронды темекі мен вейптен бас тартуды ұсынады. Өйткені, әдемі қабық пен тәтті дәмнің артында адам денсаулығына өте зиянды түрлі химиялық заттар бар екендігін әрбір азамат ескеру қажет.