Алматы қаласының санитариялық дәрігерлері оқушылардың тамақтануын ұйымдастыруға ерекше көңіл бөледі

Алматы қаласының санитариялық дәрігерлері оқушылардың тамақтануын ұйымдастыруға ерекше көңіл бөледі

Балалардың мектеп қабырғасында ыстық тамақтануы олардың денсаулығын сақтаудың және тиімді оқу қабілетінің маңызды шарттарының бірі болып табылады. Мектептегі тамақтануды жақсы ұйымдастыру балалардың денсаулығын жақсартуға әкеледі, себебі олар көп уақытын мектепте өткізеді.

Алматы қаласының санитариялық дәрігерлері білім беру объектілерінде балалардың ыстық тамағын ұйымдастыру мәселелеріне ерекше көңіл бөледі. Оңтүстік мегаполисте жүргізілген мониторингке сәйкес 2021-2022 оқу жылында 251 112 оқушы ыстық тамақпен қамтылды (82 %), оның ішінде аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар тегін тамақтанады – 20 997 (8,4 %). Алматы қаласы бойынша бірыңғай тамақтану стандарттары мектеп асханалары жұмыс істейтін 275 мектепте (95%) енгізілді. Бұдан басқа, тамақтану сапасын мерзімді бағалауды бракераж комиссиясы жүргізеді, оның құрамы медицина қызметкерін, әкімшілік, ата-аналар комитетінің өкілдерін және өндіріс меңгерушісін міндетті түрде қоса отырып, объект басшысының бұйрығымен айқындалады.

Мектеп қабырғасында тамақтану таңғы ас пен түскі астан тұруы керек, олар күнделікті адам бойындағы қуатына қажет 25% және 35% қамтамасыз етуі қажет. Ал ақуыздар, майлар, көмірсулар, дәрумендер, минералды тұздар мен микроэлементтердің мөлшері бойынша қажеттіліктің ұсынылған күнделікті физиологиялық нормаларының 55-60% құрауы қажет.

Санитариялық қағидалардың талаптарына сәйкес білім беру объектісінде перспективалы маусымдық (жаз-күз, қыс-көктем) ұтымды, теңдестірілген екі апталық мәзір жасалады. Мәзірді әзірлеу кезінде білім алушылар мен тәрбиеленушілердің мектепте қанша уақыт болатындығы мен олардың жас санаты ескеріледі, витаминді-минералды кешенмен байытылған тамақ өнімдері көзделеді.

Күн сайын тамақтану рационына ет, сүт, сары май және өсімдік майы, қара бидай және (немесе) бидай наны, көкөністер мен қант кіреді. Балық, жұмыртқа, ірімшік, сүзбе, құс еті екі-жеті күнтізбелік күнде бір рет қосылады.

Мәзірде тағамдарды немесе аспаздық өнімдерді келесі екі–үш күнтізбелік күнде қайталауға жол берілмейді.

Санитариялық қағидаларға сәйкес мектеп асханаларында дайындауға және өткізуге жол берілмейтін тағамдардың тізбесі регламенттелген, айта кетсе тұтыну қаптамасындағы кондитерлік өнімдер мен тәттілер; күрделі салаттар (төрт компоненттен астам); қаймақ пен майонез қосылған салаттар, газдалған, тәтті алкогольсіз сусындар, алкогольсіз энергетикалық сусындар, фаст-фудтар: гамбургерлер, хот-догтер, чипсы және басқалар.

Баланы ерте жастан бастап дұрыс тамақтануға үйрету маңызды. Өйткені, дұрыс тамақтану - баланың мықты денсаулығының кепілі болып саналады. Сондықтан мектептерде оқушылардың тамақтануын ұйымдастыру санитариялық дәрігерлердің ерекше бақылауында.