Санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің ардагері

Санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің ардагері

Өмірде кәсібінен нәсібін тапқан жандар көп емес.

Соның бірі – бұл күнде алпыстың асқарынан асқан, санитариялық-эпидемиологиялық қызметте 40 жылға жуық жұмыс жасап, талай еңбегі сіңген Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің (бұдан әрі – Департамент) өнеркәсіп және радиациялық қауіпті объектілерді бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы Көбеев Ихсан Омарұлы.

1983 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтын «санитариялық дәрігер» мамандығы бойынша тәмамдап, сол жылдардан бастап тек қана осы салада жемісті еңбек етіп келеді.

1996 жылы Алматы қаласына қоныс аударып, Түрксіб аудандық СЭС-ы санитариялы-гигиеналық бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеп жүрген ол 1998 жылдың басында Алматы қалалық санитариялы-эпидемиологиялық басқарма басшысының ұйымдастыру-әдістемелік мәселелер жөніндегі  орынбасары лауазымына тағайындалады.

24 жылдан аса Департаменттің қабырғасында туабітті жинақылық, жігерлілік, басшыға тән көрегендік сияқты қасиеттерімен қандай жұмысқа болса да, бар ынта-жігерімен кірісіп, уақытпен санаспай, міндетін адал атқарып келеді.

Өз ісінің нағыз маманы атану екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ал, бәрімізге мәлім, санитариялық дәрігер – ауыр, жауапкершілігі мол мамандықтардың бірі. Осы саланың қыр-сырын ашу мақсатында, келер ұрпаққа үлгі болар Ихсан Омарұлымен сұхбатты ұсынамыз.

- Сәлеметсіз бе, Ихсан Омарұлы?! Санитариялық дәрігер мамандығы жүрек қалауы ма, жалпы бұл жолды таңдауыңыздың сыры неде?

- Негізінде маған гигиенист  мамандығын таңдауда кәсіптік бағдар берген  менің көзі ашық, көкірегі ояу Кәкім деген  туған ағам болды. Ол кісінің маған мұндай бағдар беруіне менің кішкентай кезімнен тазалық пен ұқыптылыққа  жақындығым және үлгірімділік жағынан мектепте озат оқушылардың қатарында  болғандығым  себеп болған шығар деп ойлаймын.

- Дәрігер болу үдерісі оңай емес, алайда сіз бұл мансапқа толыққанды жетіп, келешек ұрпаққа үлгі тұтатындай білдей бір тұлғасыз. Сіздің санитариялық дәрігер ретінде ең алғашқы қадамдарыңыз жайлы айтып берсеңіз?

- Қарағанды мемлекеттік медицина институтын  1983 жылы бітірген уақыттан бастап санитариялық-эпидемиологиялық қызмет саласында басшылық қызметте болдым.  Кеңес уақыты кезінде кадр саясаты мықты болатын. Алғыр, іскер, кәсіби деңгейі жоғары мамандарды үнемі назарда шығармай,  көтеріп отырды. Институтты бітірген кезден бастап Торғай, Қостанай облыстарында аудандық дезстанция, санитариялық-эпидемиологиялық станцияның бас дәрігері, облыстық санитариялы-эпидемиологиялық станция бас дәрігерінің орынбасары, Алматы қалалық санитариялы-эпидемиологиялық басқарма басшысының орынбасары, Алматы қаласының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының  орынбасары қызметтерін атқардым. Торғай облысында көп жыл аудандық медицина қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы болдым.

-  Өмірлік жолыңызда «ұстазым» - деп үлгі тұтқан тұлға болды ма?

- Торғай облысындағы өзімнің туған жерім қасиетті Торғай елінде еңбек еткен кезімде бірге жұмыс істеген санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің корифейі Шәкенов Бейсенбі деген азаматты ұстаз ретінде үлгі тұттым деп  ауыз толтырып айта аламын.

-  Санитариялық дәрігердің жұмысы барысында, нақтылай айтқанда сіздің өзіңізге қандай қиыншылықтар кездесті? Жалпы, санитариялық дәрігер мамандығының ауыр тұстары қандай?

- Қиыншылықтар көп болды.

Себебі, халықтың  санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету және сол үшін профилактикалық бағыттағы іс-шараларды жүзеге асыру  өте күрделі және аса жауапты шаруа. Елді мекендерде жаз айларында орын алған іш сүзегі, паратиф сияқты топтық жұқпалы аурулардың жолын кесу шараларына бірнеше рет қатысуға тура келді. Мұндай оқиға кезінде Алматы қаласынан құрамында ғылым докторлары, профессорлар бар арнайы комиссия және облыс орталығынан мамандар  келіп практикалық көмек көрсететін.

Әрине, ол кезде санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің беделі өте жоғары болатын. Партия мен атқарушы органдар біздің атқарып отырған қызметімізге  әрқашанда түсіністікпен қарап,  тұрақты түрде қолдау беріп отыратын.

- 40 жылға жуық еңбек өтіліңіз бар. Ең қатты, бар жүрегіңізбен өзіңіз үшін мақтан тұтқан сәттеріңіз жайлы айтып беріңізші?

- Мақтан тұтатын сәттерім деп гигиенист маман ретінде және басшылық қызметте  болған кезімде ел алдындағы борышымды адал және бүкіл күш-жігерімді салып орындағанымды айта аламын.

- Сіздің 3 ең мықты жеткен жетістіктеріңіз?

- Басты жетістіктерім:

- Торғай облысында басшылық қызметте болған жылдары аутсайдерлер қатарындағы ауданның  санитариялық-эпидемиологиялық қызметін озаттар қатарына көтергенім;

- Алматы қалалық санитариялық-эпидемиологиялық басқарма басшысының орынбасары болған жылдары сала бойынша ұйымдастыру-әдістемелік жұмысты өз деңгейіне көтергенім және өнеркәсіптік объектілерді қадағалау саласының жақсы мектебін қалыптастырғаным;

- Өзім еңбек еткен ұйымдарда ешкімнен қаймықпай ана тіліміздің мәртебесін әрқашан жоғары көтеріп, мемлекеттік тілдің дамуына іс жүзінде өзімнің сүбелі үлесімді қосқаным.

- Сіздің жолыңызды қуып, өсіп келе жатқан өнеген ұрпаққа айтар ақылыңыз (кеңесіңіз) қандай?

- Гигиенист мамандағын таңдаған жастарға айтарым-санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органында бір күн  істесең де қызметіңе адал бол!

Расымен, Ихсан Омарұлы қызметтің ыстық-суығына мойымай, әрқашанда алға ұмтылып, діттеген мақсатына жеткен тұлға.

Кез келген жерде, кез келген ортаға сыйлы, білікті маман ретінде танылып, бәрімізге үлгі болар  Департаменттің ардагері.

Бұл қызметте атқарған барлық жұмысыңыз бен сіңірген еңбегіңіз үшін Сізге үлкен алғыс!

 

«Ұлттық сараптама орталығы» Алматы қаласы бойынша филиалы радиологиялық зертханасының меңгерушісі Жұмаш Мұхамедияұлы Сандықбаев Ихсан Омарұлы қандай дос екені жайлы:

«45 жылдай  дос болып келеміз. Сенімді, өте адал, қол ұшын созуға әрдайым дайын, «досым», - деп мақтанатындай тұлға! Өз ісінің нағыз профессионалы».

 

Әуезов ауданы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Игорь Владимирович Тен:

«Ихсан Омарұлы  - өз ісінің нағыз маманы! Жақсы жолдас және керемет отбасылық адам!»

 

«Алматы қаласы бойынша дезинфекция орталығы» филиалы директорының орынбасары Вахит Қалиұлы Сейдуалиев:

«Ихсан Омарұлын мен 1996 жылы Республикалық СЭС ұйымдастыру-әдістемелік бөлімінде жұмыс істеген кезден білемін. Ол кезде Ихсан Омарұлы Алматы қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің орынбасары қызметін атқарған. Содан бері көптеген жылдар өтті, ол өзінің ұмтылысымен жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Еңбекқорлығымен және оқуға деген құштарлығымен бәрін жаулап алды, осылайша бүкіл әріптестеріміздің жұмысқа деген құлшынысын ашатын. Оның орасан зор тәжірибесі, даналығы мен жұмысқа қабілеттілігі қызметкерлерді әрдайым жігерлендіріп, біздің сан-эпид қызметімізде белгілі бір биіктерге жетуге көмектесті».

 

Қызметті жоспарлау, талдау және цифрландыру бөлімі