
Баланың денсаулығы дұрыс тамақтану, таза ауыз су мен күн тәртібіне ғана байланысты емес. Баланың күнделікті киетін киімі де оның денсаулығын сақтауда маңызды рөл атқарады. Сондықтан балалар киімін таңдау сәнге емес, ең алдымен қауіпсіздік пен гигиеналық талаптарға негізделуі тиіс.
Баланың терісі ересек адамның терісіне қарағанда жұқа әрі сезімтал келеді. Ол сыртқы ортадағы заттардың әсеріне тез ұшырайды, ал балаларда жылу алмасу үдерісі анағұрлым қарқынды жүреді. Осыған байланысты баланың терісімен тікелей жанасатын киім қауіпсіз материалдардан дайындалуы және санитариялық-гигиеналық талаптарға сай болуы қажет.
Балалар мен жасөспірімдерге арналған өнімдердің қауіпсіздігі Кеден одағының ТР ТС 007/2011 «Балалар мен жасөспірімдерге арналған өнімдердің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентімен реттеледі. Бұл құжат балалар киіміне, аяқ киіміне, тоқыма бұйымдарына және басқа да балалар тауарларына қойылатын міндетті қауіпсіздік талаптарын белгілейді.
Үш жасқа дейінгі балаларға арналған киімдерді табиғи талшықтардан дайындалған маталардан таңдаған жөн. Мақта, зығыр, жүн сияқты табиғи материалдар ауаны жақсы өткізеді, ылғалды сіңіреді, дененің жылу алмасуын қамтамасыз етеді және аллергиялық реакциялардың пайда болу қаупін төмендетеді.
Техникалық регламентке сәйкес балалар киіміне қолданылатын материалдар жоғары гигроскопиялық және ауа өткізгіштік қасиеттерге ие болуы тиіс. Сондай-ақ олардың құрамында улы бояғыштар, формальдегид, фенолдар, ауыр металдар және адам денсаулығына зиян келтіретін басқа да заттар болмауы қажет. Маталар жуу кезінде өңін бермеуі және баланың терісін боямауы тиіс.
Синтетикалық талшықтардың мөлшері де техникалық регламентпен шектеледі. Үш жасқа дейінгі балаларға арналған киімде табиғи материалдарды пайдалану ұсынылады, ал синтетикалық талшықтар тек әрлеу элементтерінде немесе аз мөлшерде ғана қолданылуы мүмкін. Ересек жастағы балаларға арналған киімде синтетикалық материалдарды пайдалануға рұқсат етіледі, алайда олар бұйымның гигиеналық қасиеттерін нашарлатпауы тиіс.
Киімнің фурнитурасына да ерекше назар аудару қажет. Түймелер, сыдырмалар, ілгектер және басқа да бекіту элементтері берік бекітіліп, өткір қырлары болмауы керек. Сондай-ақ олардың құрамында никель, қорғасын және басқа да қауіпті металдар болмауы тиіс.
Балалар киімін сатып алар алдында таңбалануын мұқият тексеру қажет. Таңбалауда міндетті түрде: өнімнің атауы; материалдың құрамы;өлшемі; жас ерекшелігі; өндіруші туралы мәліметтер; өнімді күту жөніндегі ақпарат; Еуразиялық экономикалық одақтың айналыс белгісі (ЕАС) көрсетілуі тиіс. Таңбаланудың болмауы немесе толық көрсетілмеуі техникалық регламент талаптарының сақталмағанын білдіруі мүмкін.
Күнделікті қолдануға мақта, зығыр, бөз, интерлок, футер және фланель маталарынан тігілген киімдерді таңдаған дұрыс. Бұл маталар ауаны жақсы өткізеді, ылғалды сіңіреді және баланың нәзік терісін тітіркендірмейді.
Егер жаңа киімнен өткір химиялық иіс шықса, мұндай өнімді сатып алмаған жөн. Себебі бұл тұрақсыз бояғыштардың немесе қауіпті химиялық сіңдіру заттарының қолданылғанын көрсетуі мүмкін.
ТР ТС 007/2011 техникалық регламентіне сәйкес балалар киімі Еуразиялық экономикалық одақ нарығына шығарылар алдында міндетті түрде сәйкестікті бағалау рәсімінен (сертификаттау немесе декларациялау) өтуі тиіс.
Қауіпсіз балалар киімі - сапалы материалдардың, сенімді тігудің, қауіпсіз фурнитураның және техникалық регламент талаптарына толық сәйкестіктің үйлесімі.
Балалар киімін таңдауда ата-аналардың ұқыптылығы, таңбалануын тексеруі және қауіпсіздік талаптарына сәйкес келетін өнімдерді сатып алуы аллергиялық реакциялардың, терінің тітіркенуінің және басқа да қолайсыз салдардың алдын алуға мүмкіндік береді. Баланың денсаулығы мен қауіпсіздігі – әрбір ата-ананың басты назарында болуы тиіс.