
Халық денсаулығын қорғаудың маңызды бағыттарының бірі – азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтау. Қауіпсіз әрі сапалы тағамды тұтыну – жұқпалы аурулардың, тағамнан уланудың және денсаулыққа зиян келтіретін өзге де жағдайлардың алдын алудың негізгі кепілі.
Тағам өнімдерінің қауіпсіздігі оларды өндіру, сақтау, тасымалдау, дайындау және өткізу кезеңдерінің барлығында санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына тікелей байланысты. Бұл талаптардың бұзылуы өнімнің ластануына, зиянды микроорганизмдердің көбеюіне және тұтынушылар арасында тағамнан улану жағдайларының туындауына себеп болуы мүмкін.
Қоғамдық тамақтану объектілерінде санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау ерекше маңызға ие. Мұндай объектілерде қызметкерлер жеке бас гигиенасын сақтауға, мерзімінде медициналық тексеруден өтуге, өндірістік бақылауды жүргізуге, тағам өнімдерін белгіленген температуралық режимде сақтауға, шикі және дайын өнімдерді бөлек өңдеуге, сондай-ақ өндірістік үй-жайлардың тазалығын қамтамасыз етуге міндетті.
Тұтынушылар да азық-түлік өнімдерін сатып алу кезінде сақтық шараларын ұстануы қажет. Өнімнің жарамдылық мерзіміне, сақтау жағдайына, қаптамасының бүтіндігіне және таңбалануына назар аудару маңызды. Өнімдерді тек заңды қызмет атқаратын сауда орындарынан сатып алған жөн. Себебі белгіленбеген орындарда сатылатын өнімдердің қауіпсіздігіне кепілдік берілмейді және олардың сақталу жағдайлары санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келмеуі мүмкін.
Әсіресе тез бұзылатын өнімдерге – ет, сүт, балық, жұмыртқа, кремді кондитерлік өнімдер мен дайын аспаздық тағамдарға ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Мұндай өнімдерді тасымалдау және сақтау кезінде белгіленген температуралық режимнің сақталмауы қауіпті бактериялардың көбеюіне алып келеді.
Жаз мезгілінде тағамнан улану қаупі арта түседі. Сондықтан дайын тағамдарды бөлме температурасында ұзақ уақыт қалдырмау, жеміс-жидектер мен көкөністерді мұқият жуу, қолды сабынмен жиі жуу және қауіпсіз ауыз суды пайдалану – әрбір азаматтың күнделікті әдетіне айналуы тиіс.
Кәсіпкерлер үшін санитариялық-эпидемиологиялық заңнама талаптарын сақтау – заң алдындағы міндет қана емес, сонымен қатар тұтынушылардың сенімін арттырып, бизнестің тұрақты дамуына ықпал ететін маңызды фактор. Санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды жүйелі түрде орындау кәсіпорынның беделін арттырып, өнім сапасының жоғары деңгейде сақталуына мүмкіндік береді.
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету - мемлекеттік органдардың, кәсіпкерлердің және тұтынушылардың ортақ жауапкершілігі. Санитариялық-эпидемиологиялық нормаларды сақтау - қауіпсіз тағамның кепілі, ал қауіпсіз тағам - әрбір адамның денсаулығы мен өмір сапасының негізі.