Хирургиялық араласу саласындағы инфекциялар

Хирургиялық араласу саласындағы инфекциялар

Хирургиялық араласу саласындағы инфекциялар (бұдан әрі - ХАСИ) медициналық көмек көрсетумен байланысты инфекциялардың ең жиі кездесетін түрлерінің бірі болып табылады. Олар операциядан кейінгі асқынулардың негізгі себептерінің бірі саналады, ауруханада жату мерзімін ұзартады, емдеуге кететін шығындарды арттырады, қайта операция жасау және өлім-жітім қаупін жоғарылатады.

 

Сонымен қатар, ХАСИ дамуы микробқа қарсы препараттарға төзімділіктің таралуына ықпал етеді, бұл аталған мәселенің қазіргі денсаулық сақтау жүйесі үшін өзектілігін арттырады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (бұдан әрі - ДДҰ) мәліметтері бойынша, хирургиялық араласу аймағындағы инфекциялар жыл сайын әлем бойынша миллиондаған пациенттерде тіркеледі.

 

Табысы төмен және орташа елдерде хирургиялық араласудан кейінгі инфекциялар операция жасалған пациенттердің шамамен 11%-ында дамиды. Сонымен қатар, қазіргі зерттеулер көрсеткендей, мұндай инфекциялардың едәуір бөлігінің тиімді инфекциялық бақылау шараларын сақтау арқылы алдын алуға болады.

 

Қолданыстағы нормативтік талаптарға сәйкес, хирургиялық араласу аймағындағы инфекциялар үш негізгі топқа бөлінеді:

 

- кесу аймағындағы үстіңгі хирургиялық жара инфекциялары;

 

- кесу аймағындағы терең хирургиялық жара инфекциялары;

 

- ағза немесе қуыс аймағындағы хирургиялық араласу инфекциялары.

 

Мұндай жіктеу тіндердің зақымдану тереңдігі мен инфекциялық үдерістің орналасуына негізделген. Үстіңгі тіліктен іріңді инфекциясы операциядан кейін 30 тәуліктен кешіктірілмей дамиды және хирургиялық кесу аймағындағы тері мен теріасты шелмайын ғана зақымдайды.

 

Диагноз қою критерийлері ретінде келесі белгілердің кемінде біреуінің болуы қарастырылады: беткей кесіндіден іріңді бөліндінің бөлінуі; кесу аймағынан асептикалық жолмен алынған сұйықтықтан немесе тіннен микроорганизмдердің бөлініп шығуы; ауырсыну немесе ауырсынғыштық, шектелген ісіну, гиперемия, жергілікті температураның жоғарылауы және жарадан алынған бактериологиялық зерттеу нәтижесінің оң болуы; беткей инфекция диагнозының хирург немесе емдеуші дәрігер тарапынан қойылуы. Көп жағдайда инфекцияның бұл түрі операциядан кейінгі алғашқы апталарда дамиды және дер кезінде анықталған жағдайда емдеуге жақсы көнеді.

 

Кесу аймағындағы терең хирургиялық жара инфекциясы. Терең кесу аймағының инфекциясы: имплантат болмаған жағдайда операциядан кейін 30 күнтізбелік күннен кешіктірмей; имплантат болған жағдайда операциядан кейін 1 жыл ішінде дамиды.

 

Диагноз инфекцияның жасалған операциямен байланысы және келесі критерийлердің бірінің болуы кезінде қойылады:

 

- кесіндінің терең қабатынан іріңді бөліндінің бөлінуі;

 

- дене қызуының 37,5 °С-тан жоғары болуы, жергілікті ауырсыну немесе ауырсынғыштық кезінде жара жиегінің өздігінен ажырауы немесе хирургтың жараны әдейі ашуы (бактериологиялық зерттеу теріс болған жағдайларды қоспағанда);

 

- қайта операция кезінде, тікелей қарау барысында, гистопатологиялық немесе рентгенологиялық зерттеу кезінде абсцесс немесе инфекция белгілерінің анықталуы;

 

- диагноздың хирург немесе емдеуші дәрігер тарапынан қойылуы.

 

Терең инфекциялар беткей инфекцияларға қарағанда ауыр өтеді және көп жағдайда қайта хирургиялық араласуды, ұзақ мерзімді бактерияға қарсы емді және стационарда ұзақ уақыт емделуді қажет етеді.

 

Ағза немесе қуыс аймағындағы инфекция. Ағза немесе қуыс аймағындағы инфекция:

 

- имплантат болмаған жағдайда операциядан кейін 30 күнтізбелік күннен кешіктірмей;

 

- имплантат болған жағдайда операциядан кейін 1 жыл ішінде дамиды.

 

Бұл жағдайда инфекциялық үдеріс операция барысында ашылған немесе хирургиялық әсерге ұшыраған ағзалар мен қуыстарды қамтиды, бірақ кесу аймағындағы теріге, фасцияларға немесе бұлшықеттерге таралмайды.

 

Диагноз қою критерийлері: ағзаға немесе қуысқа орнатылған дренаждан іріңді бөліндінің бөлінуі; ағзадан немесе қуыстан асептикалық жолмен алынған материалдан микроорганизмдердің бөлініп шығуы; қайта операция кезінде, тікелей қарау барысында, гистопатологиялық немесе рентгенологиялық зерттеу кезінде абсцесс немесе инфекция белгілерінің анықталуы; диагноздың хирург немесе емдеуші дәрігер тарапынан қойылуы.

 

Бұл топқа операциядан кейін дамыған перитонит, остеомиелит, пневмония, пиелонефрит, медиастинит, эндометрит, цистит, уретрит, эндокардит жатады, егер олар тиісті ағзаға жасалған операциядан кейін пациент ауруханадан шығарылғаннан кейінгі 30 тәулік ішінде пайда болса.

 

Хирургиялық араласу аймағындағы инфекциялар пациенттің денсаулығына да, жалпы денсаулық сақтау жүйесіне де елеулі әсер етеді. Олардың дамуы ауруханада емделу мерзімінің ұзаруына, қайта операция жасау қаупінің артуына, емдеу шығындарының көбеюіне және пациенттердің өмір сүру сапасының төмендеуіне әкеледі.

 

ДДҰ мәліметтері бойынша, хирургиялық араласу аймағындағы инфекциялар медициналық көмек көрсетумен байланысты инфекциялардың ең кең таралған түрлерінің бірі болып табылады. Соңғы жылдардағы жүйелі шолулар жалпы хирургиялық бейіндегі пациенттер арасында ХАСИ-дің орташа әлемдік жиілігі шамамен 2,5%-ды құрайтынын көрсетеді, алайда бұл көрсеткіш өңірге, операция түріне, пациенттің жағдайына және профилактикалық іс-шаралардың сапасына байланысты айтарлықтай ерекшеленеді.

 

Медициналық ұйымдардың негізгі міндеті - хирургиялық араласу аймағындағы инфекциялардың алдын алу. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарына сәйкес профилактика хирургиялық емдеудің барлық кезеңдерінде келесі іс-шараларды қамтуы тиіс:

 

- асептика және антисептика қағидаларын сақтау;

 

- операциялық алаңды дұрыс дайындау;

 

- бактерияға қарсы препараттарды профилактикалық мақсатта уақтылы қолдану; 

 

- хирургиялық техниканы сақтау;

 

- операция кезінде пациенттің қалыпты дене температурасын сақтау;

 

- құралдар мен медициналық бұйымдардың стерильдігін қатаң бақылау;

 

- операциядан кейінгі жараны бақылау және инфекция белгілерін ерте анықтау.

 

Хирургиялық араласу аймағындағы инфекциялар қазіргі хирургияның маңызды мәселелерінің бірі болып қала береді. Оларды уақытылы анықтау беткей, терең және ағза немесе қуыс аймағындағы инфекцияларды ажыратуға мүмкіндік беретін нақты диагностикалық критерийлерге негізделген.

 

Нормативтік талаптарды, эпидемиологиялық қадағалау стандарттарын және профилактика бойынша халықаралық ұсынымдарды сақтау операциядан кейінгі инфекциялық асқынулардың даму қаупін едәуір төмендетуге, хирургиялық көмектің қауіпсіздігін арттыруға және пациенттерді емдеу нәтижелерін жақсартуға мүмкіндік береді.