
Жаз мезгілі - демалыс пен саяхаттың, табиғат аясындағы серуен мен достармен бас қосудың уақыты. Алайда ауа температурасының жоғарылауы тағам өнімдерінің тез бұзылуына себеп болып, тағамнан улану қаупін арттырады.
Тағамнан уланудың алдын алу үшін өнімдерді тек рұқсат етілген сауда орындарынан сатып алып, олардың жарамдылық мерзімі мен сақтау жағдайына назар аудару қажет. Әсіресе ет, сүт өнімдері, салаттар, крем қосылған кондитерлік өнімдер және басқа да тез бұзылатын тағамдар қауіпсіз температуралық режимде сақталуы тиіс.
Жазғы демалыс кезінде табиғат аясында дайындалатын тағамдарға ерекше көңіл бөлген жөн. Ет пен құс өнімдері толық пісіріліп дайындалуы қажет, ал дайын тағамдарды шикі өнімдермен бірге сақтауға болмайды. Сонымен қатар жемістер мен көкөністерді тұтынар алдында мұқият жуып, ауыз судың қауіпсіздігіне көз жеткізу маңызды.
Тағам дайындау және тамақтану алдында қолды сабынмен жуу, жеке бас гигиенасын сақтау да тағамнан уланудың алдын алудың тиімді шараларының бірі болып табылады.
Егер тағамды тұтынғаннан кейін жүрек айну, құсу, іштің ауыруы, іш өту немесе дене қызуының көтерілуі сияқты белгілер пайда болса, дереу медициналық көмекке жүгіну қажет.
Жазғы демалысыңыздың жағымды әсерлерге толы болуы өз қолыңызда. Қарапайым санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, өз денсаулығыңызды және жақындарыңыздың денсаулығын қорғаңыз.