
Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуына байланысты әлемнің көптеген елдерінде, оның ішінде Қазақстан Республикасында да бесінші буын мобильді байланыс желілері (бұдан әрі - 5G) енгізілуде. 5G технологиясы жоғары жылдамдықтағы интернетке қолжетімділікті қамтамасыз етіп, өнеркәсіп, денсаулық сақтау, білім беру және басқа да салалардың цифрлық трансформациясына ықпал етеді.
Халық арасында 5G базалық станцияларының адам денсаулығына әсері туралы түрлі пікірлер кездеседі. Осыған байланысты радиотехникалық объектілердің қауіпсіздігі Қазақстан Республикасының санитариялық заңнамасына сәйкес қатаң бақылауда екенін атап өткен жөн.
Қазақстан Республикасында радиотехникалық объектілерді орналастыру және пайдалану талаптары Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 28 ақпандағы № ҚР ДСМ-19 бұйрығымен бекітілген «Радиотехникалық объектілерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларымен реттеледі.
Аталған санитариялық қағидаларға сәйкес:
- радиотехникалық объектілерді жобалау, орналастыру, салу және пайдалану кезінде халықтың электромагниттік өрістердің әсерінен қорғалуын қамтамасыз ету міндетті;
- объектілерді пайдалануға енгізу алдында санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алынады;
- электромагниттік сәулелену деңгейлері белгіленген гигиеналық нормативтерге сәйкес болуы тиіс;
- санитариялық-қорғау аймақтары мен шектеулі құрылыс аймақтары есептеліп, сақталуы қажет;
- пайдаланудағы объектілерде электромагниттік өрістер деңгейіне тұрақты бақылау жүргізіледі.
5G базалық станциялары бұрыннан қолданылып келе жатқан ұялы байланыс желілері сияқты радиожиіліктік диапазонда жұмыс істейді және иондаушы сәулелену көздеріне жатпайды. Олардың жұмысы санитариялық нормалармен регламенттелген және белгіленген талаптарға сәйкестігі уәкілетті органдардың бақылауында болады.
Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тұрғындарға радиотехникалық объектілерді орналастыру және пайдалану кезінде санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуы тұрақты бақылауда екенін хабарлайды.
Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету және азаматтардың денсаулығын қорғау мемлекеттік бақылаудың негізгі бағыттарының бірі болып табылады.