
Жаз мезгілінің басталуымен қоғамдық тамақтану объектілерінде кәуап және гриль өнімдерін дайындау қызметі жандана түседі. Алайда тағам өнімдерін дайындау барысында санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау міндетті болып табылады
«Қоғамдық тамақтану объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 17 ақпандағы № ҚР ДСМ-16 бұйрығына сәйкес, қоғамдық тамақтану объектілерінің ішкі үй-жайларында қатты отынмен жұмыс істейтін құрал-жабдықтарды пайдалануға және тағам дайындауға жол берілмейді. Қатты отынға көмір, ағаш, отын және өзге де жанғыш материалдар жатады.
Бұл талаптар азаматтардың денсаулығын қорғау, үй-жайларда түтін мен күйенің жиналуына жол бермеу, тағам өнімдерінің ластануының алдын алу және қолайлы санитариялық жағдайды қамтамасыз ету мақсатында белгіленген. Қатты отынды пайдалану ауа сапасының төмендеуіне, өндірістік үй-жайлардың ластануына және тұтынушылар үшін қауіптің туындауына себеп болуы мүмкін.
Ет өнімдерін сақтау шарттарына ерекше назар аударылуы тиіс. Шикі ет дайын өнімдерден бөлек, тиісті температуралық режим сақтала отырып сақталуы қажет. Өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттарсыз ет өнімдерін пайдалануға жол берілмейді.
Қоғамдық тамақтану объектілерінің қызметкерлері жеке гигиена талаптарын сақтап, таза арнайы киіммен жұмыс істеуі және міндетті медициналық тексерулерден уақытылы өтуі тиіс. Қол жууға арналған жағдайлардың болмауы және санитариялық-эпидемиологиялық нормалардың сақталмауы тағамнан улану мен ішек инфекцияларының туындау қаупін арттырады.
Қоғамдық тамақтану объектілерінде тағам дайындау арнайы жабдықталған, санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келетін орындарда жүзеге асырылуы тиіс. Сонымен қатар объектілерде тазалықты сақтау, желдету жүйесінің тұрақты жұмыс істеуі және тағам қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптары сақталуы қажет.
Халық денсаулығы мен тағам қауіпсіздігін қамтамасыз ету - әрбір қоғамдық тамақтану объектісінің негізгі міндеті.