Нәрестелерді иммунизациялау мәселелері туралы семинар өткізілді

Нәрестелерді иммунизациялау мәселелері туралы семинар өткізілді

Ағымдағы жылдың 13-15 мамыр аралығында Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мен Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы арасындағы бірлескен бұйрық негізінде нәрестелерді иммунизациялау мәселелері туралы семинар өткізілді.

Семинарға перзентханалардағы балалар бөлімдерінде, орталықтандырылған екпе кабинеттерінде жұмыс істейтін медицина қызметкерлері және басқа да медициналық ұйымдардың жауапты қызметкерлері қатысты.

Департамент басшысының орынбасары Әсел Тоқанқызы Қалықова семинарды ашып, аталған іс-шараның маңыздылығын атап өтті. Департаменттің инфекциялық және паразиттік ауруларды бақылау бөлімінің басшысы Алмаш Сарсембайқызы Ахметова профилактикалық екпе жүргізу бөлмесіне қойылатын талаптар, екпе кабинетін жабдықтау жөнінде қатысушыларға түсіндірді.

Сондай-ақ Департаменттің аса қауіпті инфекцияларды және туберкулезды бақылау бөлімінің бас маманы Айгүл Серікқызы Асылова туберкулезге қарсы егуге дейін және еккеннен кейін жүргізілетін шаралар, сондай-ақ иммундаудан кейінгі қолайсыз көріністерді тергеп-тексеру мәселелері жөнінде сөз сөйледі.

Семинарға арнайы шақырылған қонақ - Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас фтизиопедиатры Миягүл Мешітбайқызы Тастайбекова туберкулезге қарсы арнайы иммунитетті қалыптастырудағы БЦЖ вакцинасының рөлі, тексерілуге жататын адамдарды зертханалық тексеру және жаңа туған нәрестелерді туберкулезге қарсы егудің алгоритмі бойынша баяндама жасады.

Сонымен қатар, семинардың тағы бір қонағы - Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының «№12 қалалық емхана» ШЖҚ МКК иммунологы Светлана Юрьевна Постнова жұқпалы аурулардың алдын алудағы вакцинаның маңыздылығы туралы және ата-аналар арасында санитарлық ағарту туралы жұмысын ұйымдастыру және жүргізу туралы атап өтті.

Семинар соңында қатысушылардың сұрақтарына жауаптар беріліп, білім деңгейлерін анықтау бойынша сауалнама ұйымдастырылды.