
Вирусты А гепатиті – бауырды зақымдаумен өтетін жедел вирусты ауру. Жұқпаның көзі – ауру адам. А гепатиті вирусы науқас адамның нәжісімен бөлініп шығып, физикалық және химиялық әсерлерге төзімді болғандықтан, ұзақ уақыт қоршаған ортада сақталады.
А гепатиті вирусының берілу механизмі — фекальды-оральды, ол су, тағам және тұрмыстық-қатынас жолдары арқылы жүзеге асады. Ластанған тағамдар мен суды пайдаланғанда немесе ауру жұқтырған адаммен тікелей қарым-қатынаста болғанда, ластанған суларда шомылғанда және жеке бас гигиена ережелерін сақтамаған жағдайларда ауру жұғады.
Ауру көбінесе сарғаю немесе сарғаюсыз клиникалық көрініспен жеңіл түрде өтеді. Клиникалық белгілері интоксикация синдромы, тұмау тәріздес көріністер, диспепсиялық бұзылулар, тері мен аққабықтың сарғаюымен сипатталады.
Вирусты А гепатитінің инкубациялық кезеңі 7 куннен 50 күнге дейін (орташа 35 күн) созылады. Вирусты А гепатитімен барлық жастағы адамдар ауырады, бірақ көбінесе егілмеген балалар мен оқушылар жиі жұқтырады.
2026 жылдың 4 айы бойынша қалада вирусты А гепатитінің 21 жағдайы, оның ішінде 7 жағдай (33,3%) — 14 жасқа дейінгі балалар, 1 жағдай (4,7%) — жасөспірімдер, 13 жағдай (61,9%) — ересектер арасында тіркелді. 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда аурушаңдық 3,3 есеге төмендеген.
Науқастардан алынған сауалнамаларға сәйкес инфекцияның негізгі таралу жолдары: 14,2 % (3 жағдай) тұрмыстық-жанасу арқылы, 38% (8 жағдай) сапасыз жуылған көкөністер мен жемістерді тұтыну арқылы, 47,6% (10 жағдай) жеке бас гигиенасының ережелерінің дұрыс сақталмауы арқылы.
Бүгінгі күнде вирусты А гепатитінің ең тиімді алдын-алу әдісі вакцинация болып табылады. А гепатитіне қарсы екпе жоспарлы түрде екі рет 2 жастағы балаларға және эпидемиологиялық көрсеткіш бойынша науқаспен қарым-қатынаста болған бұрын жоспарлы түрде егілмеген 14 жасқа дейінгі балаларға тұрғылықты мекен-жайы бойынша емханаларда тегін жүргізіледі.
Сонымен қатар вирусты А гепатитінің жеңіл алдын-алу шараларын орындау керек:
- жеке бас гигиена ережелерін қатаң түрде сақтау, тамақтанар алдында және дәретханадан кейін, жұмыстан, қыдырудан келгенде қолды сабынмен жуу;
- ішуге тек қайнатылған немесе бөтелдегі суды қолдану;
- шомылу кезінде ластану белгілері бар су айдындарынан аулақ болу, суды жұтып қоюға жол бермеу және тері жабындарында зақымдану болған жағдайда шомылудан бас тарту ұсынылады;
- ыдыстарды, адамдар жиналатын орындарды тазалықта ұстау;
- санитариялық тораптарда, жуынатын бөлмеде дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып тазалау жұмыстарын жүргізу;
- науқас балаларды бала-бақшаға және мектепке апармау;
- смартфоныңызды антисептикалық заттармен үнемі өңдеу.
Осы ережелер мен ұсыныстардың барлығын сақтай отырып, вирусты А гепатитінен қорғануға болады. Оңтүстік мегаполистің эпидемиологтары вирусты А гепатитінің белгілері пайда болған жағдайда өзін-өзі емдеуге болмайтынын, дер кезінде медициналық көмекке жүгіну керектігін еске салады!