
Алматы қаласының маңы кене инфекцияларының, атап айтқанда кене энцефалиті және кене боррелиозы (Лайм ауруы) сияқты жұқпалы аурулардың тасымалдаушылары болып табылатын иксодты кенелер таралған эндемиялық аймаққа жатады.
Кенелер ерте көктемнен бастап кеш күзге дейін белсенді болады. Ең жоғары белсенділік сәуір-маусым айларында байқалады және көбіне ауа райы жағдайларына - температура мен ылғалдылыққа байланысты.
Кене энцефалиті - орталық және шеткі жүйке жүйесін зақымдайтын вирустық ауру. Ауру ауыр асқынуларға, мүгедектікке және тіпті өлімге әкелуі мүмкін. Ауру жедел түрде басталады: дене қызуының көтерілуі (38–39 °C), қалтырау, қатты бас ауруы, жүрек айну, құсу және бұлшықет ауыруымен сипатталады.
Кене боррелиозы - созылмалы түрде өтуі мүмкін жұқпалы ауру, тері, жүйке жүйесі, буындар және жүрек зақымданады. Аурудың негізгі белгісі - кене шаққан жерде қызару (эритема), әлсіздік, дене қызуының көтерілуі, бұлшықет пен буындардың ауыруымен қатар жүреді.
Инфецияларды жұқтыру қоздырғыштармен зақымданған кене шаққанда немесе оны жаншып мыжыған кезде болуы мүмкін.
Кене инфекцияларынан қорғанудың негізгі тәсілдерінің бірі - кененің шақпауының алдын алу.
Табиғатқа шыққанда (орман, саябақ, саяжай) қарапайым ережелерді сақтаңыз:
- ашық түсті, жабық киім киіңіз - онда кенені оңай байқауға болады;
- шалбарды шұлықтың немесе аяқ киімнің ішіне салыңыз, жейдені шалбардың ішіне салыңыз;
- міндетті түрде бас киім немесе капюшон киіңіз;
- кенеге қарсы репелленттерді қолданыңыз;
- өзіңізді, балаларды, киім мен заттарды үнемі тексеріңіз;
- үйге келгеннен кейін мұқият тексеру жүргізіңіз, кенелер киіммен, жануарлармен немесе гүл шоқтарымен үйге түсуі мүмкін.
Кене энцефалитінен қорғанудың ең тиімді жолы — вакцинация.
Егулер дәрігердің кеңесінен кейін емханаларда көрсеткіштер бойынша жүргізіледі, әсіресе эндемиялық аймақтарда тұратын немесе жұмыс істейтін адамдарға ұсынылады.
Егер кене денеге жабысып, шағып алған жағдайда, мүмкіндігінше ерте (4 тәуліктен кешіктірмей) медициналық көмекке жүгіну қажет:
- Орталық қалалық клиникалық аурухана — Жандосов көшесі, 6;
- Жедел шұғыл көмек ауруханасы — Қазыбек би көшесі, 96;
- №4 қалалық клиникалық аурухана — Папанин көшесі, 220;
- №7 қалалық клиникалық аурухана — Қалқаман ықшамауданы, 40;
- Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығы — Манас көшесі, 40.
Алдын алу шараларын сақтау, кене шақпауын болдырмау, дер кезінде медициналық көмекке жүгіну және ем қабылдау ауру қаупін айтарлықтай төмендетеді және ауыр салдардың алдын алады.