Медициналық ұйымдарда санитариялық-эпидемияға қарсы режимді сақтаудың маңызы, оның ішінде пациенттер мен медицина қызметкерлерінің қол гигиенасы мәселелері

Медициналық ұйымдарда санитариялық-эпидемияға қарсы режимді сақтаудың маңызы, оның ішінде пациенттер мен медицина қызметкерлерінің қол гигиенасы мәселелері

Медициналық ұйымдарда санитариялық-эпидемияға қарсы режимді сақтау – халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз етудің, медициналық көмек көрсетумен байланысты инфекциялардың алдын алудың, сондай-ақ пациенттер мен медицина қызметкерлерінің денсаулығын қорғаудың маңызды шарттарының бірі болып табылады.

 

Медициналық ұйымдар инфекциялық аурулардың таралу қаупі жоғары нысандар қатарына жатады. Себебі бұл мекемелерде күн сайын әртүрлі аурулары бар, иммунитеті әлсіреген, созылмалы сырқаттары бар және инфекцияларға бейімділігі жоғары адамдарға қабылдау, тексеру, емдеу және күтім көрсету жұмыстары жүргізіледі.

 

Осыған байланысты медициналық ұйымдарда санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралар кешенін қатаң сақтау ерекше маңызға ие. Аталған іс-шаралар мыналарды қамтиды:

 

- үй-жайлардың тиісті санитариялық жағдайын сақтау;

 

- ағымдағы және жалпы жинау жұмыстарын уақтылы жүргізу;

 

- медициналық мақсаттағы бұйымдарды дезинфекциялау және стерильдеу;

 

- асептика мен антисептика қағидаларын сақтау;

 

- жеке қорғаныш құралдарын қолдану;

 

- медициналық қалдықтармен қауіпсіз жұмыс істеу;

 

- инфекциялық бақылау талаптарын сақтау.

 

 

Инфекциялардың алдын алудағы ең тиімді, қолжетімді және міндетті шаралардың бірі – қол гигиенасын сақтау. Медицина қызметкерлерінің қолы инфекция қоздырғыштарының бір пациенттен екінші пациентке, ластанған заттар мен беткейлерден пациентке, сондай-ақ медициналық ұйым ішінде таралуының негізгі факторларының бірі болып саналады.

 

Қолды уақытылы және дұрыс өңдеу инфекциялардың, соның ішінде медициналық көмек көрсетумен байланысты инфекциялардың таралу қаупін едәуір төмендетуге мүмкіндік береді. Халықаралық инфекциялық бақылау қағидаттарына сәйкес медицина қызметкерлері қол гигиенасын мына жағдайларда міндетті түрде сақтауы тиіс:

 

- пациентпен байланысқа дейін;

 

- асептикалық процедураларды жүргізер алдында;

 

- биологиялық сұйықтықтармен жанасу қаупінен кейін;

 

- пациентпен байланыстан кейін;

 

- пациентті қоршаған заттармен және орта объектілерімен жанасудан кейін.

 

Қолды өңдеу қолдың ластану дәрежесі мен орындалатын әрекеттің сипатына қарай сабын мен суды немесе теріге арналған антисептиктерді пайдалану арқылы жүргізілуі тиіс.

 

Қол гигиенасын сақтау – медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігінің ажырамас бөлігі. Қолды өңдеу, қолғаптарды пайдалану, арнайы киім кию және жеке қорғаныш құралдарын қолдану талаптарының тіпті бір реттік бұзылуының өзі инфекция қоздырғыштарының таралуына және медициналық ұйымда инфекциялық аурулар ошағының пайда болу қаупінің артуына әкелуі мүмкін. Осыған байланысты мына бағыттардың маңызы зор:

 

- санитариялық режимнің сақталуын тұрақты бақылау;

 

- персоналды оқыту және нұсқама жүргізу;

 

- қол гигиенасына арналған құралдардың қолжетімділігін қамтамасыз ету;

 

- инфекциялық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру.

 

Қол гигиенасын сақтау тек медицина қызметкерлері үшін ғана емес, пациенттер мен медициналық ұйымдарға келушілер үшін де маңызды.

 

Пациенттер мен келушілер арасында қол гигиенасы дағдыларын қалыптастыру профилактикалық жұмыстың маңызды бөлігі болып табылады және инфекциялардың таралу қаупін төмендетуге ықпал етеді.

 

Алдын алу қарапайым шаралардан басталады.Медициналық ұйымдарда санитариялық-эпидемияға қарсы режимді сақтау – қауіпсіз медициналық көмектің негізі. Қолды уақтылы өңдеу, санитариялық талаптарды сақтау, дезинфекциялық құралдарды дұрыс қолдану және инфекциялық бақылау мәселелеріне жауапкершілікпен қарау инфекциялық аурулардың туындауы мен таралу қаупін азайтуға мүмкіндік береді.

 

Қол гигиенасы – қарапайым болғанымен, пациенттердің, медицина қызметкерлерінің және жалпы халықтың денсаулығын қорғауда аса маңызды шара.