
Алматы қаласында ағымдағы жылғы 26 наурыздан бастап орман алқаптары, қала саябақтар мен скверлер аумағында жалпы көлемі 2366,56 га болатын кенелерге қарсы дезинсекциялық өңдеудің бірінші кезеңі басталды. Дезинсекциялық өңдеу бекітілген кестеге сәйкес және ауа-райы жағдайларын ескере отырып – қолайлы метеорологиялық жағдай кезінде (жауын-шашын болмаған жағдайда) жүргізіледі.
Дезинсекциялық іс-шаралар санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандарының тікелей бақылауымен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК «Алматы қаласы бойынша дезинфекция орталығы» филиалымен жүргізіледі.
Құрылған дезинфекциялық бригадалар қажетті жабдықтармен, көлік құралдарымен және жеке қорғаныш құралдарымен толық қамтамасыз етілген.
Кенелерге қарсы өңдеу жұмыстарын жүргізу үшін «Ципертрин» инсектицидті-акарицидті препараты қолданылады. Препарат адамдар мен жануарлардың денсаулығы үшін қауіпсіз, ең төменгі тиімді дозаларда қолданылады.
Өңдеу жұмыстары негізінен таңертеңгі уақытта жүргізіледі. Өңдеу жүргізілетін аймақтардың шекараларында «Кенелерге қарсы өңдеу жүргізілуде!» деген ескерту жазуы бар ақпараттық тақтайшалар орнатылады.
Қала тұрғындарына келесі сақтық шараларын сақтау ұсынылады:
- кенелерге қарсы өңдеу жүргізілетін орындарға препараттың теріге және киімге тиюіне жол бермейтін қашықтықта жақындамау;
- препарат толық кепкенге дейін үй жануарларын өңделген аумаққа шығармау;
- өңделген аумақта жидектер мен саңырауқұлақтарды жинауға өңдеуден кейін 40 күн өткен соң рұқсат етіледі.