Фастфуд тағамдарының адам ағзасына келтірер жағымсыз әсері

Фастфуд тағамдарының адам ағзасына келтірер жағымсыз әсері

Қазіргі уақытта фастфуд тағамдары халық арасында кеңінен таралған. Оның тез дайындалуы, қолжетімділігі және дәмінің тартымдылығы көптеген адамдарды, әсіресе жастар мен балаларды қызықтырады. Алайда фастфуд өнімдерін жиі және шамадан тыс тұтыну адам денсаулығына елеулі зиян келтіруі мүмкін.

 

Фастфуд құрамында көбінесе қаныққан және трансмайлар, көп мөлшерде тұз, қант, түрлі дәм күшейткіштер мен тағамдық қоспалар болады. Сонымен қатар мұндай тағамдарда ағзаға қажетті дәрумендер, минералдар және тағамдық талшықтар аз мөлшерде кездеседі. Жоғары калориялы болғандықтан, фастфудты тұрақты пайдалану артық салмақ пен семіздікке алып келеді. Семіздік өз кезегінде жүрек-қантамыр ауруларының, гипертонияның, қант диабетінің және буын ауруларының даму қаупін арттырады.

 

Қуырылған тағамдарда болатын трансмайлар қандағы холестерин деңгейін жоғарылатып, қан тамырларының бітелуіне әсер етеді. Бұл инфаркт пен инсульт қаупін күшейтеді. Ал тұздың шамадан тыс мөлшері қан қысымының көтерілуіне әкеледі. Газдалған тәтті сусындар мен жоғары қантты өнімдерді жиі тұтыну қандағы глюкоза деңгейінің жоғарылауына себеп болып, уақыт өте келе 2-типті қант диабетінің дамуына ықпал етуі мүмкін.

 

Фастфудтың асқорыту жүйесіне де кері әсері бар. Майлы және ащы тағамдар асқазанның шырышты қабатын тітіркендіріп, гастрит, ойық жара сияқты аурулардың пайда болуына жағдай жасайды. Тағамдық талшықтардың жеткіліксіздігі іш қату мен ішек микрофлорасының бұзылуына әкелуі мүмкін.

 

Балалар мен жасөспірімдер үшін теңгерімді әрі құнарлы тамақтану аса маңызды. Фастфудқа әуестік өсіп келе жатқан ағзада дәрумен жетіспеушілігін, иммунитеттің әлсіреуін және зат алмасу бұзылыстарын тудыруы ықтимал.

 

Тамақтану объектілерінде тағам қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына ерекше көңіл бөлінеді. Өнімдердің сапасы мен жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары, шикізаттың қауіпсіздігі, персоналдың жеке гигиенасы және тағам дайындау технологиясының дұрыс орындалуы тұрақты бақылауда болуы тиіс. Әсіресе терең майда қуыру кезінде майды бірнеше рет қолдану барысында зиянды қосылыстар түзілуі мүмкін болғандықтан, қуыру майларын уақтылы ауыстыру және өндірістік бақылауды жүйелі жүргізу маңызды.

 

Қорытындылай келе, фастфуд тағамдарын сирек және мөлшермен тұтыну қажет. Дұрыс әрі теңгерімді тамақтану қағидаларын сақтау - халық денсаулығын нығайтудың және созылмалы аурулардың алдын алудың негізгі жолы.