
Балаларды мектептерде ұтымды әрі қауіпсіз тамақтандыруды ұйымдастыру өскелең ұрпақтың денсаулығын сақтау мен нығайтудың, білім алушыларда дұрыс тамақтану әдеттерін қалыптастырудың және тамақтануға байланысты аурулардың алдын алудың маңызды шарты болып табылады.
Қазақ тамақтану академиясы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетімен бірлесіп, Қазақстан ЮНИСЕФ қолдауымен денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарында тамақтанудың жаңа стандарттарын әзірледі.
Осы жаңа стандарттары негізінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының 02.09.2025 ж. №107-НҚ бұйрығымен «Білім беру ұйымдарында тамақтану стандарты талаптарын енгізу және сақтау жөніндегі медицина қызметкерлеріне арналған әдістемелік ұсынымдары» әзірленді.
Бұл жүйеде білім беру ұйымының медицина қызметкерлеріне ерекше рөл беріледі.
Стандарт пен әдістемелік ұсынымдарға сәйкес медицина қызметкері:
- оқу жылы басталар алдында білім алушылардың/тәрбиеленушілердің тамақтану режимі мен кестесіне бағалау жасап, тамақ ішуге бөлінген уақыттың жеткіліктілігіне қатысты ұсынымдар береді. Күніне 3 рет және одан да көп тамақтану ұйымдастырылған мекемелер үшін - тағамды күн ішінде оңтайлы бөлу жөнінде ұсынымдар береді;
- педагогикалық құрамға дұрыс тамақтану қағидаттарын түсіндіру арқылы олардың сақталуына ықпал етеді, ал педагогтер өз кезегінде балаларды және олардың заңды өкілдерін хабардар етеді (көкөністер мен жемістерді тұтынуды арттыру, тұз бен қантты шектеу, зиянды тамақтану әдеттерін болдырмау, тағамды мұқият шайнау, жеткілікті мөлшерде су ішу және т.б.);
- перспективалық мәзірге өзгерістер енгізілген және тағам өнімдері ауыстырылған жағдайда дайын тағамдардың шығынын, салу нормаларын, химиялық құрамын және рационның энергетикалық құндылығын бақылайды;
- мектеп оқушылары арасында аурулардың алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау және қалыптастыру бойынша оқыту семинарларын, тренингтер мен дәрістер өткізеді;
- санитариялық қағидалар талаптарын мен стандарт нормаларының сақталуын бақылайды;
- ас блогы қызметкерлерінің денсаулық жағдайына апта сайын іріктеп бақылау жүргізеді.
Бракераж комиссиясының мүшесі ретінде оның жұмысына қатысады, онда:
- күнделікті мәзір мен нақты дайындалған тағамдардың дұрыс тамақтану талаптарына сәйкестігін бағалайды. Сәйкессіздік анықталған жағдайда тамақтануды ұйымдастыруға жауапты тұлғаны хабардар етеді;
- әдістемелік ұсынымдарға сәйкес дайын тағамдарға органолептикалық бағалау (сыртқы түрі, иісі, дәмі, консистенциясы, рецептураға сәйкестігі) жүргізеді;
- тәуліктік сынамаларды іріктеу мен сақтау шарттарын бақылайды;
- бекітілген мәзір-үлестірімге сәйкес өнімдерді дұрыс салуды бақылауға қатысады;
- тағамдарды беру кезінде олардың температуралық режимінің сақталуын тексеруге қатысады;
- тарату желісінде таңдап алынған порцияларды өлшеу арқылы порциялық тағамдардың шығымын бақылауға қатысып, нәтижелерін дайын тағамдардың бракераж журналына тіркейді;
- тексеру қорытындысы бойынша бракераж комиссиясының қорытындысын ресімдеуге қатысады.
Жаңартылған стандарт 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді және білім беру ұйымдарында тамақтануды ұйымдастыруға, санитариялық-гигиеналық жағдайларға, мәзір құрастыруға және тамақтануды бақылауға қойылатын бірыңғай талаптарды белгілейді.