
Ботулизм – сирек кездесетін, бірақ адам өміріне аса қауіпті жұқпалы ауру. Ол Clostridium botulinum бактериясы бөлетін ботулотоксиннің ағзаға түсуі нәтижесінде дамиды. Бұл уыт жүйке жүйесін зақымдап, бұлшықеттердің салдануына әкелуі мүмкін. Көп жағдайда ботулизм үй жағдайында дайындалған консервілерді, әсіресе ет, балық, көкөніс және саңырауқұлақ өнімдерін тұтынумен байланысты болады. Ауа кірмейтін ортада бактерия белсенді көбейіп, улы зат бөледі, ал тағамның сыртқы түрі мен иісі өзгермеуі мүмкін.
Ауру белгілері тағамды пайдаланғаннан кейін бірнеше сағаттан бастап 1-2 тәулік ішінде байқалады. Ботулизмге тән белгілерге көрудің бұзылуы, көздің екіленіп көруі, ауыздың құрғауы, сөйлеу мен жұтынудың қиындауы, бұлшықеттердің әлсіздігі және тыныс алудың қиындауы жатады. Уақытында медициналық көмек көрсетілмесе, ауру ауыр асқынуларға және өлімге әкелуі мүмкін.
Ботулизмнің алдын алуда тағам өнімдерін дайындау және сақтау кезінде санитариялық-гигиеналық талаптарды сақтау ерекше маңызға ие. Үй жағдайында консервілеу барысында өнімдерді жеткілікті термиялық өңдеуден өткізу, стерильді ыдыстарды пайдалану және сақтау мерзімін қатаң бақылау қажет. Қысыммен жабылатын немесе ұзақ уақыт сақталған үй консервілерін қолданар алдында мұқият тексеру ұсынылады.
Сонымен қатар, тағам өнімдерін сатып алу кезінде олардың шығу тегі мен сапасына назар аудару қажет. Рұқсат етілмеген сауда орындарынан, жеке тұлғалардан сатылатын үйде дайындалған консервілерді тұтыну ботулизм қаупін арттырады. Алғашқы белгілер пайда болған жағдайда дер кезінде медициналық көмекке жүгіну аурудың ауыр асқынуларының алдын алудың негізгі шарты болып табылады.
Тағам қауіпсіздігін сақтау - әр азаматтың өз денсаулығына деген жауапкершілігі.