
Қазіргі таңда баланың денсаулығын нығайту – қоғамның басты міндеттерінің бірі. Осы тұрғыда балабақшалардағы дене шынықтыру жұмыстары баланың физикалық, психологиялық және әлеуметтік дамуына үлкен әсер етеді. Ерте жастан қозғалысқа бейімделген бала болашақта салауатты өмір салтын ұстануға дағдыланады.
Дене шынықтырудың бала дамуына әсері орасан зор. Балабақшадағы дене шынықтыру сабақтары балалардың бұлшық етін, сүйек жүйесін және тыныс алу мүшелерін нығайтады. Үнемі қозғалыста болған бала шымыр, төзімді болып өседі. Сонымен қатар, дене жаттығулары қан айналымын жақсартып, иммунитетті күшейтеді. Қимыл-қозғалыс әрекеттері баланың: жүгіру, секіру, өрмелеу дағдыларын, ептілік пен икемділігін, тепе-теңдікті сақтау қабілетін дамытады. Дұрыс дене бітімін қалыптастыруға көмектеседі.
Дене шынықтыру жаттығулары омыртқа қисаюы, жалпақтабандылық сияқты мәселелердің алдын алады. Балаларға дұрыс отыру, жүру және қозғалу мәдениеті үйретіледі. Бұл - болашақта денсаулыққа байланысты көптеген аурулардың алдын алудың тиімді жолы болып табылады.
Сонымен қатар, қозғалыс ойындары балалардың көңіл-күйін көтеріп, эмоционалдық тұрақтылықты қалыптастырады. Дене шынықтыру сабақтары арқылы балалар - өзіне сенімді болуға, топпен жұмыс істеуге, тәртіп пен ережені сақтауға үйренеді. Бұл олардың әлеуметтік ортаға тез бейімделуіне көмектеседі.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 9 шілдедегі №ҚР ДСМ-59 бұйрығымен бекітілген «Мектепке дейінгі ұйымдарға және сәбилер үйлеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидасына сәйкес, балабақшаларда әсіресе физикалық белсенділікке арналған жеке ойын және спорт алаңдары болуы қажет, бұл жеке ойын алаңдары балалар санына байланысты есептеліп, балалар санының бір орынға кемінде - 4 шаршы метр көлемінде болуға тиіс; алаңдардағы құрал-жабдықтар балалардың бойы мен жастарына сай болуы, қауіпсіз және зақымдануға арналған өткір бөліктерсіз жасалуы шарт; дене шынықтыру сабақтары арнайы ойын бөлмелерінде немесе спорт залдарында өткізілуі тиіс.
Балабақшадағы дене шынықтыру – салауатты өмір салтының алғашқы қадамы. Балалар спортқа, белсенді өмірге қызығып өседі. Бұл әдеттер мектеп жасында да, ересек өмірде де жалғасын табады.
Қорыта айтқанда, балабақшалардағы дене шынықтырудың маңызы зор. Ол баланың денсаулығын нығайтып қана қоймай, тұлғалық, психологиялық және әлеуметтік дамуына ықпал етеді. Сондықтан дене шынықтыру жұмыстары балабақшадағы тәрбие мен білім берудің ажырамас бөлігі болуы тиіс.