
Тамақтан улану - сапасыз, дұрыс сақталмаған немесе санитариялық-гигиеналық талаптар сақталмай дайындалған тағам өнімдерін тұтыну салдарынан туындайтын жедел аурушаңдық. Мұндай жағдайлар үй жағдайында да, сондай-ақ қоғамдық тамақтану орындарында да орын алуы мүмкін.
Тамақтан уланудың негізгі себептері ретінде тағам өнімдерінің жарамдылық мерзімінің өтуі, сақтау және тасымалдау талаптарының бұзылуы, жеке гигиена ережелерінің сақталмауы, шикі және дайын өнімдерді бірге сақтау, тағамды жеткіліксіз термиялық өңдеу, сондай-ақ тағам дайындайтын қызметкерлер мен жұмысшылардың санитариялық талаптарды сақтамауын атап өтуге болады.
Уланудың алғашқы белгілері тағамды қабылдағаннан кейін 2-6 сағат ішінде, кей жағдайларда 24 сағатқа дейінгі аралықта байқалуы мүмкін. Белгілеріне жүрек айну, қайталама құсу, іш өту, іштің қатты ауыруы, жалпы әлсіздік, бас ауруы және дене қызуының көтерілуі жатады. Балалар, жүкті әйелдер және егде жастағы адамдар үшін тамақтан улану аса қауіпті.
Тамақтан уланудың алдын алу мақсатында тағам өнімдерін тек санитариялық талаптарға сай сауда орындарынан сатып алу, үй жағдайында дайындалған тағамды тоңазытқышта сақтау мерзімін қадағалау, шикі және дайын өнімдерге арналған ыдыстарды бөлек қолдану, ас үй тазалығын сақтау және тағамды толық термиялық өңдеуден өткізу қажет.
Сонымен қатар, қоғамдық тамақтану орындарын таңдауда санитариялық жағдайына, қызмет көрсету мәдениетіне және өнім сапасына назар аудару маңызды. Күдікті тағамды тұтынудан бас тарту - өз денсаулығыңызды қорғаудың ең тиімді жолы.
Егер тамақтан улану белгілері байқалса, өздігінен үй жағдайында ем қабылдамай, дереу медициналық көмекке жүгіну қажет. Уақытылы көрсетілген медициналық көмек асқынулардың алдын алады.
Тамақтан уланудың алдын алу - әрбір азаматтың жауапкершілігі.
Денсаулығыңызды сақтаңыз!