
Қазіргі уақытта Алматы қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бақылауында 361 жалпы білім беретін мектеп бар. Оның ішінде 222 мектеп – мемлекеттік, ал 139 мектеп – жеке меншік нысанда қызмет көрсетеді.
Бүгінгі таңда 355 мектепте оқушыларға ыстық тамақ ұйымдастырылған, 5 мектепте буфеттік өнімдер ұсынылады, ал 1 мектепте кейтеринг қызметі көрсетіледі.
2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап Денсаулық сақтау министрі әзірлеген денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарына арналған Тамақтану стандарты (бұдан әрі - Стандарт) енгізілді.
Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық басқармасы қала өңірінің ерекшеліктерін ескере отырып, мектеп оқушыларына арналған жаз-күз маусымдық перспективалық мәзірді әзірлеп, бекітті.
Перспективалық мәзірді әзірлеу процесіне санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары, Білім басқармасының өкілдері, білім беру ұйымдарының басшылары, мектеп асханаларын жалға алушылар, жеткізушілер, педагогикалық қауымдастық пен Тамақтану академиясының мамандары қатысты.
Сонымен қатар, әртүрлі жастағы оқушыларды тарта отырып, Алматы қаласындағы №83, №124 және №116 мектептерде тағамдарды дайындау және сынақтан өткізу жұмыстары жүргізілді.
Мектеп тамақтану стандартының апробациясын өткізу мақсатында озық тәжірибе ретінде екі модельдік мектеп айқындалды:
2025 жылғы 30 қазаннан бастап Білім басқармасы және Қоғамдық денсаулық басқармасымен бірлесіп аталған мектептерде Стандартты тәжірибеде қолдану барысында туындайтын мәселелерді анықтауға бағытталған мониторинг жүргізілуде. Мониторинг аясында тағамдардың «жарамсыздық индексі» көрсеткіші де бақылауға алынды.
Мониторинг нәтижелері бойынша бастапқы кезеңде (қазан айында) жарамсыздық индексі 10%-дан жоғары болған тағамдар:
- жалқау голубцы;
- бұршақ пен қияр салаты.
Қыс–көктем маусымына көшуге байланысты Басқарма 2025 жылғы 26 қарашадағы №02-1-26/28 НҚ бұйрығымен бекітілген жаңа мәзірді әзірледі. Қазіргі уақытта жарамсыздық индексінің көрсеткіші оңтайлы деңгейде сақталуда.
Өндірістік бақылау бойынша ұсынылған есептер негізінде объектіге бармай-ақ жүргізілген профилактикалық бақылау нәтижесінде санитариялық қағидалардың қолданыстағы талаптарын бұзу фактілері анықталған жоқ. Өндірістік бақылау көлемі мен толықтығы белгіленген талаптарға сәйкес келеді.
Балалар мен жасөспірімдер арасында мектеп асханаларының қызметіне байланысты топтық ауру жағдайлары тіркелген жоқ.