Энергетикалық сусындар туралы не білеміз?

Энергетикалық сусындар туралы не білеміз?

Соңғы уақытта энергетикалық сусындарды тұтыну сәнге айналды. Кейбір жастар тіпті «кім көбірек ішеді» деп өзара жарысады, алайда энергетикалық сусындарды артық мөлшерде тұтыну қайтымсыз үдерістерге алып келуі мүмкін екенін көпшілігі біле бермейді.

 

Барлығы білетіндей, энергетикалық сусындардың құрамында қанттың мөлшері көп болады, ал қантты артық мөлшерде тұтыну артық салмақтың пайда болуына және тістерге зиян келтіруі мүмкін. Дегенмен, әр адам бұл зиянның өзіне қатысы жоқ деп ойлайды. Алайда, егер тәулігіне 400 мл энергетикалық сусынды тұтынатын болсаңыз, сол күні тәтті тағамдарды, яғни қантты, балды, тосапты, кәмпиттерді, шоколадты, сондай-ақ салқындатылған және шырынды сусындарды тұтынуға болмайды.

 

Сондай-ақ энергетикалық сусындардың құрамында кофеиннің көп мөлшері болады, ал оны артық мөлшерде тұтыну денсаулыққа байланысты мәселелерге және жалпы хал-жағдайдың нашарлауына әкелуі мүмкін (жүрек ырғағының бұзылуы, гипертония, мазасыздық, ұйқысыздық және т.б.). Егер тәулігіне орта есеппен құрамында 160 мг кофеин бар 400 мл энергетикалық сусынды тұтынатын болсаңыз, жас ерекшелігіне байланысты ұсынылатын кофеиннің тәуліктік мөлшерінен аспау үшін құрамында кофеин бар басқа сусындар мен тағамдарды тұтынуды саналы түрде шектеу қажет.

 

Өзіңізге белгіленген тәуліктік мөлшерден аспау үшін өнімнің құрамы мен құрамындағы заттар туралы ақпаратты әрдайым мұқият оқып, бір тәулік ішінде тұтынатын кофеин мөлшерін бақылап отыру қажет.

 

Сондай-ақ энергетикалық сусындарды физикалық жүктемеге дейін, жүктеме кезінде немесе одан кейін бірнеше сағат ішінде тұтынуға болмайды. Энергетикалық сусындарды спорттық сусындармен араластыруға қатаң түрде тыйым салынады.

 

Энергетикалық сусындарды аш қарынға тұтынуға болмайды.

 

Энергетикалық сусындарды алкогольмен араластырмаңыз. Энергетикалық сусындардың алкогольдің артық мөлшерін жасыру әсері, қауіпті әрекеттерге әкелуі мүмкіндігі және дегидратация қаупі бар екенін, сондай-ақ алкогольдің жүйке жүйесіне депрессант ретінде, ал энергетикалық сусынның стимулятор ретінде қарама-қайшы сигналдар беретінін ескеріңіз.

 

Егер сізде кофеиннің артық мөлшерін қолданудан туындауы мүмкін симптомдар болса, дәрігерге жүгініп, ішкен энергетикалық сусындардың мөлшерін хабарлаңыз.

 

Егер сіз энергетикалық сусындарға (кофеинге) тәуелді болып қалғаныңызды сезсеңіз, бірақ одан құтылғыңыз келсе, дереу дәрігермен кеңесіңіз.

 

Егер жұмыс немесе басқа себептермен (мысалы, сессия кезінде) түнде ояу қалуға тура келсе, немесе көлік жүргізу кезінде шаршап қалсаңыз, ең тиімді құрал – ұйықтау, тіпті 15 минут болса да. Сондай-ақ дұрыс тамақтану және жеткілікті демалу өте пайдалы.

 

Арнайы айта кететін жайт: жүкті әйелдерге, бала емізетін аналарға, жүрек аурулары бар адамдарға (жоғары қан қысымын қоса), ұйқы бұзылыстары бар адамдарға және кофеинге сезімтал адамдарға энергетикалық сусындарды азайту немесе мүлде ішпеу ұсынылады.

 

«Энергетикалық сусын» деген атау қате түсінік тудыруы мүмкін, себебі ол организмге қосымша айтарлықтай энергия бермейді. Дегенмен, энергетикалық сусындардағы заттар организмді «қозғап», бар энергия қорын пайдалануға мәжбүр етеді, осылайша оны шаршатады.

 

Қорытындылай келе, энергетикалық сусындарды мүлде ішуге болмайды деп айту мүмкін емес, бірақ олардың пайдасы да жоқ. Ең бастысы есте сақтаңыз: шамадан тыс қолдану жанама әсерлерге әкелуі мүмкін және денсаулығыңызға зиян тигізеді!