Қоршаған орта және денсаулық: сыртқы факторлардың адам өміріне әсері

Қоршаған орта және денсаулық: сыртқы факторлардың адам өміріне әсері

Қоршаған ортаның жай-күйі қоғамдық денсаулық деңгейін және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын айқындайтын негізгі факторлардың бірі болып табылады. Атмосфералық ауаның, судың және топырақтың сапасы, сондай-ақ қоршаған ортаның физикалық факторларының әсері адамның денсаулығына, өмір сүру ұзақтығына және әртүрлі аурулардың таралуына тікелей және жанама ықпал етеді. Алматы сияқты ірі мегаполис жағдайында экологиялық факторлардың маңызы айрықша арта түседі.

 

 «Санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг жүргізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 13 қарашадағы № ҚР ДСМ-193/2020 бұйрығына сәйкес аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау бөлімшелері халық денсаулығының бұзылу қаупінің жетекші факторларын іріктеуді жүзеге асырады. Бұл жұмыстар аталған факторлар бойынша тәуекелдерді уақтылы бағалау және халықтың өмірі мен денсаулығына төнетін қатерлердің алдын алу мақсатында жүргізіледі.

 

Халық денсаулығына қауіп төндіретін ең маңызды факторлардың бірі - атмосфералық ауаның ластануы. Ұсақ дисперсті бөлшектердің, азот және күкірт оксидтерінің, сондай-ақ басқа да ластаушы заттардың жоғары концентрациясы тыныс алу мүшелері, жүрек-қантамыр жүйесі ауруларының, аллергиялық және созылмалы патологиялардың өсуіне ықпал етеді. Алматы қаласының географиялық және климаттық ерекшеліктерін, оның ішінде температуралық инверсияларды ескере отырып, ауа сапасын жүйелі түрде бақылау мәселесі ерекше өзектілікке ие.

 

Ауыз судың сапасы да халық денсаулығын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Судың химиялық және микробиологиялық көрсеткіштері бойынша гигиеналық нормативтерге сәйкес келмеуі, әсіресе халықтың осал топтары арасында, жұқпалы және жұқпалы емес аурулардың дамуына әкелуі мүмкін. Осыған байланысты сумен жабдықтау көздеріне тұрақты зертханалық бақылау жүргізу аурулардың алдын алудың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.

 

Қазақстан Республикасында қоршаған ортаның жай-күйін мониторингтеу әлеуметтік-гигиеналық мониторинг жүргізу жөніндегі санитариялық қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады. Аталған санитариялық қағидалар атмосфералық ауаның, судың, топырақтың жай-күйін, сондай-ақ физикалық факторлардың әсер ету деңгейлерін жүйелі бақылау тәртібін белгілейді және олардың халық денсаулығына ықпалын талдау мен бағалауды көздейді. Мониторинг барысында алынған деректер қолайсыз үрдістерді анықтау және денсаулыққа төнетін әлеуетті қауіптерді бағалау үшін пайдаланылады.

 

Мониторинг нәтижелері қоршаған орта факторларының жағымсыз әсерін төмендетуге, санитариялық жағдайды жақсартуға және аурулардың алдын алуға бағытталған басқарушылық шешімдерді қабылдаудың негізі болып табылады. Алдын алу шараларын іске асыру халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылық деңгейін арттыруға және денсаулығын қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

 

Қолайлы қоршаған ортаны қалыптастыру кешенді тәсілді және мемлекеттік органдардың, ұйымдардың және халықтың өзара іс-қимылын талап етеді. Санитариялық талаптарды сақтау, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау Алматы қаласы халқының денсаулығын сақтаудың және орнықты дамудың қажетті шарттары болып табылады.