
Дерматокосметология - тері мәселелерін косметологиялық рәсімдер арқылы жоюмен айналысатын медицина саласы.
Пластикалық және эстетикалық хирургия - адам ағзасының, тіндерінің немесе дене бетінің қандай да бір деформациялары мен ақауларын жоюға бағытталған операциялық араласуларды жүзеге асыратын хирургия саласы.
Дерматокосметологияға, пластикалық және эстетикалық хирургияға қойылатын талаптар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 11 тамыздағы № ҚР ДСМ-96/2020 бұйрығымен бекітілген «Денсаулық сақтау объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларымен (бұдан әрі – Санитариялық қағидалар) регламенттеледі.
Санитариялық қағидаларда денсаулық сақтау объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар белгіленеді:
- денсаулық сақтау объектілерін салуға жер телімін таңдау және жобалау;
- сумен жабдықтау және су бұру;
- жарықтандыру, желдету, кондиционерлеу және жылумен жабдықтау;
- үй-жайларды жөндеу және күтіп-ұстау;
- денсаулық сақтау объектілерінде санитариялық-індетке қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру және жүргізу;
- медициналық қалдықтарды жинау, залалсыздандыру, сақтау;
- тамақтануды ұйымдастыру;
- персоналдың еңбек жағдайлары және тұрмыстық қызмет көрсету;
- инфекция ошақтарын оқшаулау бойынша санитариялық-індетке қарсы іс-шараларды жүргізу.
Денсаулық сақтау объектілерінің негізгі және қосалқы үй-жайларының құрамы мен аудандары Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтері – ҚР СҚ Қазақстан Республикасының қағидалар жинағы 3.02-113-2014 «Емдеу-профилактикалық мекемелер» талаптарына сәйкес айқындалады.
Амбулаториялық, пластикалық және эстетикалық хирургия орталықтарында, дерматокосметология объектілерінде, амбулаториялық-емханалық ұйымдарда ең аз қажетті үй-жайлар жиынтығынан тұратын шағын операциялық залдар көзделеді: операциялық, операцияға дайындық бөлмесі, санитариялық өткізу пункті, пациенттер үшін операциялыққа кіреберісте шлюз және операциядан кейінгі палата. Санитариялық өткізу пункті бір үй-жай ретінде жобаланады және онда персоналдың таза және лас киімдерін сақтауға арналған жағдайлармен душ орнатылады. Шағын операциялық залдарға пациент шлюз арқылы, ал персонал операцияға дайындық бөлмесі арқылы кіреді.
Бұл объектілерді ғимараттардың жертөле және подваль қабаттарында орналастыруға жол берілмейді. Дәрігерлердің қабылдау бөлмелерінде, палаталарда, қосалқы үй-жайларда (персонал бөлмесі, шаруашылық мейірбике бөлмесі, лас киімдерді жинау бөлмесі, санитариялық бөлмелер, санитариялық тораптар) суық және ыстық су келтірілген раковиналардың орнатылуы көзделеді.
Операцияға дайындық бөлмелері, таңғыш жасау бөлмелері, процедуралық, манипуляциялық, реанимациялық залдар мен палаталар сияқты ерекше режим талап етілетін үй-жайлар суық және ыстық су келтірілген, шынтақпен немесе жанаспайтын тәсілмен басқарылатын крандары бар раковиналармен жабдықталады.
Жергілікті анестезия қолданылатын дерматокосметология объектілерінде, сондай-ақ препараттары ботулотоксинге негізделген функционалдық әжімдерді, жергілікті гипергидрозды түзету жөніндегі манипуляциялар процедуралық немесе манипуляциялық кабинетте жүргізіледі.
Пластикалық және эстетикалық хирургия объектілерінде ботулотоксинге негізделген препараттар қолданылатын хирургиялық процедуралар функционалдық әжімдер мен жергілікті гипергидрозды түзетуден басқа жағдайларда операциялық немесе шағын операциялық залдарда жүргізіледі.
Дерматокосметологиялық қызметтер көрсетілетін процедуралық және манипуляциялық кабинеттердің, сондай-ақ пластикалық және эстетикалық хирургия қызметтері көрсетілетін операциялық және шағын операциялық залдардың ішкі әрлеуі, инженерлік қамтамасыз етілуі және жабдықталуы Санитариялық қағидалармен белгіленген талаптарға сәйкес болуы тиіс.
Функционалдық әжімдерді, жергілікті гипергидрозды ботулотоксинге негізделген препараттар арқылы түзетуге арналған процедуралық және манипуляциялық кабинеттер қосымша осы препараттарды сақтауға арналған тоңазытқыш жабдығымен қамтамасыз етіледі.
Ботулотоксин негізіндегі препараттарды сақтау бөтен адамдардың қол жеткізуін болдырмайтын жағдайларда, тоңазытқыштың жеке сөресінде, арнайы таңбаланған жеке ыдыста (заводтық қаптамада), өндіруші белгілеген температуралық жағдайлар мен өзге де талаптарды ескере отырып жүзеге асырылады.
Денсаулық сақтау объектілерінде дезинфекциялық, дезинсекциялық және дератизациялық іс-шаралар нормалау құжаттарына сәйкес жүйелі түрде ұйымдастырылып және жүргізіліп отырады.