
«Бүйрек синдромы бар геморрагиялық қызба» (әрі қарай - БСГҚ) - жоғары қызбамен, айқын интоксикациялық белгілері бар, геморрагиялық синдроммен және нефрозонефрит түріндегі бүйрек зақымдануымен өтетін жедел вирусты табиғи-ошақтық ауру.
БСГҚ вирусының көздері: дала тышқандары, үй тышқандары, қоңыр және қара егеуқұйрықтар болып табылады.
Инфекцияның таралу жолдары:
- ауа-тамшылы: адамға кеміргіштердің нәжісімен, ластанған шаңмен тыныс алған кезде жұғады;
- алиментарлы (тағам арқылы): дұрыс термиялық өңдеуден өтпеген кеміргіштердің нәжісімен, ластанған тағам өнімдерін қолданғанда және ашық су көздерін тұтынғанда адам ағзасына түседі;
- қарым-қатынас арқылы: ластанған заттарға қол тигізгенде немесе тышқандар мекендеген орындарды қорғаныссыз тазалағанда зақымданған тері немесе шырышты қабаттар арқылы жұғады.
Негізгі клиникалық белгілері: инфекцияның инкубациялық кезеңі 10 күннен 45 күнге дейін созылады. Ауру кенеттен басталады, дене қызуының жоғарлауы, қалтырау, әлсіздік, бас ауруы, жүрек айну, құсу, мұрын бітелу, құрғақ жөтел, тамақтың қызаруы, бел мен іштің ауырсынуы, кейде тері бөртпесі пайда болуы мүмкін.
БСГҚ вирусын жұқтырған адам тез арада ауруханаға жеткізіліп, ем тағайындалуы тиіс. БСГҚ вирусы адамнан адамға жұқпайды. Сауыққаннан кейін БСГҚ вирусына тұрақты және ұзаққа созылатын иммунитет қалыптасады.
БСГҚ алдын алу шаралары:
- жеке бас гигиенасын сақтау: тамақ ішер алдында міндетті түрде қолды сабындап жуу;
- көп шаң болатын жұмыстар кезінде (ескі ғимараттарды бұзу, шөп, сабан, салынған жүк тиеу, бөлмелерді тазалау және т.б.) қолғап пен респиратор немесе бетперде қолдану қажет;
- бөлмелерді тек ылғалды тәсілмен тазалау қажет;
- азық-түліктер тышқандардан қорғалған болуы керек, металл, мықтап жабылатын ыдыста сақталуы қажет. Тышқандар зақымдаған азық-түлікті жылу өңдеусіз жеуге болмайды;
- ашық су көздерінен суды ішпеу;
- кеміргіштерді ұстағанда (тірі несеме өлі) қолғап немесе резеңке қолғап кию керек.