Жарақаттанушылық, алғышарттары, салдары

Жарақаттанушылық, алғышарттары, салдары

Жарақаттанушылық - қазіргі қоғамдағы ең өзекті медико-әлеуметтік мәселелердің бірі. Ол жеке азаматтардың денсаулығына ғана емес, жалпы ел экономикасына да айтарлықтай әсер етеді, халықтың еңбек қабілеттілігін төмендетіп, денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктемені арттырады. Өнеркәсіптің белсенді дамуы мен урбанизация жағдайында травматизмнің алдын алу мәселесі ерекше маңызға ие, әсіресе «Салауатты жұмыс орындары» сияқты қауіпсіз әрі салауатты еңбек жағдайларын қалыптастыруға бағытталған жобаларды іске асыру шеңберінде.

 

Жарақаттанушылықтың себептері көп факторлы және әртүрлі аспектілерді қамтиды: ұйымдастырушылық, адами, техникалық және санитариялық-гигиеналық.

 

Ең жиі кездесетін алғышарттарға мыналар жатады:

 

  1. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау ережелерін сақтамау. Көп жағдайда жазатайым оқиғалар жеке қорғаныс құралдарын пайдаланбау, нұсқаулықтарды бұзу немесе басшылық тарапынан тиісті бақылаудың болмауы салдарынан орын алады;

 

  1. Психофизиологиялық факторлар. Шаршау, күйзеліс, ұйқының жетіспеушілігі, алкоголь немесе зейінді төмендететін дәрі-дәрмектерді қолдану жарақат алу қаупін тікелей арттырады;

 

  1. Қолайсыз еңбек жағдайлары. Нашар жарықтандыру, тайғақ едендер, реттелмеген жұмыс аймақтары, артық шу, шаң және химиялық заттар өндірістік қауіпсіздікке ғана емес, жұмысшылардың жалпы денсаулығына да зиян тигізеді;

 

  1. Кәсіби дайындықтың жеткіліксіздігі. Әсіресе жаңа қызметкерлер арасында қауіпсіз жұмыс әдістеріне оқытудың болмауы жазатайым оқиғалардың ықтималдығын арттырады.

 

Жарақаттар өндірістік, тұрмыстық, көлік, балалар, спорттық және жол-көлік оқиғалары салдарынан болуы мүмкін. Алайда өндірістік травматизм ерекше мәнге ие, себебі ол қоғамның еңбек әлеуетін сақтаумен тікелей байланысты.

 

Жарақаттанушылықтың салдарлары көпқырлы:

 

- медициналық (әртүрлі ауырлықтағы жарақаттар, мүгедектік, созылмалы аурулар, посттравматикалық күйзелі);

 

- әлеуметтік-экономикалық (еңбек қабілеттілігінің төмендеуі, өнімділіктің азаюы, емдеу мен оңалтуға жұмсалатын шығындардың өсуі);

 

- психологиялық (жұмысқа қайта оралудан қорқу, мотивацияның төмендеуі, эмоционалды күйзеліс пен кәсіби күйіп кету).

 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, жыл сайын әлемде 4 миллионнан астам адам жарақаттан көз жұмады, ал ондаған миллион адам медициналық көмекке мұқтаж болады. Қазақстанда жүйелі шараларға қарамастан, өндірістегі травматизм мәселесі өзекті болып қала береді, әсіресе құрылыс, көлік, энергетика және өнеркәсіп салаларында.

 

Жарақаттанушылық деңгейін төмендету кешенді тәсілді қажет етеді: профилактика, бақылау және қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру. Осы тұрғыдан алғанда, «Салауатты жұмыс орындары» жобасы еңбекті қорғау, өндірістік қауіпсіздік және қызметкерлердің денсаулығын нығайту қағидаттарын біріктіретін тиімді құрал болып табылады.

 

Жобаны іске асырудың негізгі бағыттары мыналарды қамтиды:

 

  1. Санитариялық-гигиеналық факторларды ескере отырып, кәсіби тәуекелдерді бағалау;

 

  1. Санитариялық нормалар мен эргономикалық талаптарға сай қауіпсіз өндірістік ортаны қалыптастыру;

 

  1. Қызметкерлерді қауіпсіз мінез-құлық дағдыларына, алғашқы көмек көрсетуге және күйзеліспен күресуге үйрету;

 

  1. Медициналық тексерулерді тұрақты өткізу және қызметкерлердің денсаулық жағдайын мониторингтеу;

 

  1. Дене белсенділігін, зиянды әдеттердің алдын алу мен дұрыс тамақтануды қамтитын корпоративтік денсаулық бағдарламаларын енгізу.

 

Жарақаттанушылықтың алдын алу - тек нұсқаулықтар мен ережелерді сақтау ғана емес, ол қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруды талап етеді. Әр қызметкер өзінің және әріптестерінің денсаулығы үшін жеке жауапкершілікті сезінуі қажет. Өз кезегінде, жұмыс беруші қызметкерлерді қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етіп қана қоймай, қауіпсіздік пен денсаулықты компания құндылығының ажырамас бөлігіне айналдыруы тиіс.

 

Қауіпсіз еңбек жағдайларын қалыптастыру - бұл ұлт денсаулығына, экономикалық тұрақтылыққа және қоғамның орнықты дамуына салынған инвестиция. Себебі дені сау және қауіпсіз жағдайда еңбек ететін жұмысшы - қазіргі экономиканың негізгі қозғаушы күші әрі елдің болашақ әл-ауқатының кепілі.