Ботулизм туралы не білесіз?

Ботулизм туралы не білесіз?

Адам денсаулығына елеулі қауіп төндіретін аса қауіпті тағамдық уланулардың бірі – ботулизм. Бұл ауру Clostridium botulinum деп аталатын бактериялардың бөлетін өте күшті уытынан (токсин) туындайды. Ботулизм сирек кездесетін, бірақ өте ауыр өтетін ауру. Ауру уақытылы анықталып, медициналық көмек көрсетілмесе, өлімге әкелуі мүмкін. Сондықтан бұл ауру туралы әр адам білуі тиіс.

 

  1. Ботулизм қалай жұғады?

Ботулизм көбінесе үй жағдайында дайындалған консервілер, тұздалған немесе қақталған балық, ет және саңырауқұлақ өнімдерін тұтынғанда жұғады. Бұл өнімдерде бактериялар оттегі болмаған жағдайда көбейіп, улы токсин бөледі. Токсин жоғары температураға да төзімді, сондықтан кейбір жағдайда қайнату да көмектеспеуі мүмкін.

 

  1. Аурудың алғашқы белгілері

Ботулизм белгілері, әдетте, ластанған тағамды тұтынғаннан кейін 2–24 сағат ішінде білінеді. Негізгі симптомдары мыналар:

  • көздің бұлдырауы, қос көріну;
  • жұту мен сөйлеудің қиындауы;
  • бұлшықеттердің әлсіреуі;
  • құрғақ ауыз;
  • іші өтуі немесе құсу;
  • кейін тыныс алу бұзылыстары дамуы мүмкін.

Аталған белгілер байқалған жағдайда, уақыт жоғалтпай, дереу жедел жәрдем шақыру қажет.

 

  1. Алдын алу шаралары

- ботулизмнің алдын алудың ең тиімді жолы – тағам өнімдерін дұрыс өңдеу және сақтау;

- үй жағдайында консервіленетін тағамдарды мұқият стерилизациялау керек;

- банкілердің қақпағы ісінген болса, ондай өнімді ешқашан тұтынуға болмайды;

- тұздалған немесе қақталған балықты тексерілген, санитариялық талаптарға сай дайындалған жерден алу қажет;

- ашыған немесе иісі өзгерген өнімдерді дереу тастау керек.

 

Сондай-ақ үй жағдайында дайындалған тағамдарды ұзақ уақыт сақтамауға тырысу қажет. Өнімнің сыртқы түрі мен иісі қалыпты болғанымен, ол улы токсиндерді қамтуы мүмкін.

 

  1. Қоғамдық жауапкершілік

Азаматтар өз денсаулығымен қатар, айналасындағылардың да қауіпсіздігін ойлауы тиіс. Үйден дайындалған консервілерді немесе балық өнімдерін өзгелерге тарату кезінде оның қауіпсіздігіне толық көз жеткізу қажет. Егер өңделмеген, күмән тудыратын өнімдер сатылымда болса, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметке дереу хабарлау керек.

 

Ботулизм – алдын алуға болатын, бірақ өте қауіпті ауру. Әрбір адам тағам өнімдеріне мұқият қарап, үй жағдайында консервілеу ережелерін сақтап, денсаулығына бейжай қарамауы тиіс. Есіңізде болсын: ботулизм – аз мөлшердегі удың өзі өмірге қауіп төндіретін сирек, бірақ өте ауыр инфекция.