Радиациялық-қауіпті нысандарды пайдалану кезінде санитариялық-эпидемиологиялық бақылаудың рөлі

Радиациялық-қауіпті нысандарды пайдалану кезінде санитариялық-эпидемиологиялық бақылаудың рөлі

Радиациялық-қауіпті нысандар - бұл ядролық энергияны, иондаушы сәулелену көздерін немесе радиоактивті заттарды пайдаланатын объектілер. Мұндай нысандарға атом электр станциялары, зертханалар, медицина мекемелеріндегі радиология бөлімдері, өндірістік кәсіпорындар мен әскери нысандар жатады. Бұл нысандарда жұмыс істеу барысында адамдар мен қоршаған орта үшін радиациялық қауіп туындайды.

 

Сондықтан санитариялық-эпидемиологиялық бақылаудың рөлі ерекше маңызды. Ол халықтың денсаулығын қорғау, радиациялық қауіпсіздік шараларының сақталуын қамтамасыз ету және алдын алу шараларын ұйымдастыруға бағытталған.

 

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылаудың негізгі міндеттері:

 

- радиациялық фонды бақылау: Радиациялық-қауіпті нысандарда иондаушы сәулелену деңгейі қатаң бақыланады. Бұл көрсеткіштер шекті рұқсат етілген деңгейден аспауы тиіс;

 

- жұмысшылардың денсаулығын бақылау: Радиациямен жұмыс істейтін мамандар медициналық тексеруден өтіп, арнайы оқытудан өтуі қажет;

 

- қоршаған ортаны қорғау: Радиоактивті қалдықтардың топыраққа, суға және атмосфераға таралуына жол берілмеуі тиіс;

 

- қауіпсіздік техникасы мен нормаларын сақтау нысанда санитариялық талаптарға сай жұмыс жүргізілуі тиіс. Арнайы қорғаныс құралдары мен радиацияға қарсы шаралар қолданылуы қажет.

 

Радиациялық-қауіпті нысандарда радиациялық жағдайға тұрақты мониторинг жүргізіледі. Бақылау нәтижелері мемлекеттік органдарға беріледі. Анықталған бұзушылықтар жойылуға тиіс, ал қажет жағдайда нысан қызметі уақытша тоқтатылады.

 

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау - бұл радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі тетігі. Ол халықтың денсаулығын қорғауға, қоршаған ортаны сақтауға және төтенше жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді. Радиоактивті қауіптерге қарсы күресте бұл бақылаудың рөлі орасан зор.