Сальмонеллез және оның алдын алу шаралары

Сальмонеллез және оның алдын алу шаралары

Сальмонеллез - нәжіс-ауыз жолы арқылы берілетін ішектің жедел жұқпалы ауруы. Бұл ауру жыл бойы тіркелгенімен, көбіне жаз мезгілінде жиі кездеседі, ол ауа температурасының жоғарылауымен және тағам өнімдерін сақтау талаптарының бұзылуымен байланысты. Аурудың қоздырғыштары - Salmonella тұқымдасына жататын микроорганизмдер.

 

Инфекция көзі - науқас адам, бактерия тасымалдаушылар және үй жануарлары. Жұғу жолдары әртүрлі: тағам арқылы, тұрмыстық жолмен (лас қолдар, науқасқа күтім жасау заттары, ластанған ыдыс-аяқ және т.б.), су арқылы (сирек жағдайда).

 

Инфекцияның резервуары - ірі қара мал, шошқалар мен құстар. Бұл жануарларда ауру көбіне ешқандай белгілерсіз өтеді, сондықтан олар және олардан алынатын өнімдер адам үшін қауіпті болуы мүмкін.

 

Адам сальмонеллезді көбінесе жануар тектес жұқтырылған өнімдерді (негізінен жұмыртқа, ет, құс еті, сүт, сүт өнімдері), сондай-ақ крем қосылған кондитерлік өнімдер, көкөністер мен жемістерді тұтыну кезінде жұқтырады. Сонымен қатар, ластанған ашық су қоймаларында шомылу кезінде немесе жеке бас гигиенасын сақтамау жағдайларында (лас ыдыс-аяқ, тұрмыстық заттар, қолдар арқылы) да жұғуы мүмкін.

 

Сальмонеллездің инкубациялық кезеңі 6 сағаттан 7 күнге дейін, көбіне бірнеше сағаттан 3 күнге дейін созылады.

 

Ауру жедел түрде басталады: дене қызуы көтеріледі, әлсіздік, бас ауруы, қалтырау, жүрек айну, кейде құсу, іш ауыру және іштегі аурумен қатар жүретін іш өту белгілері байқалады. Ауру көбіне гастроэнтерит немесе гастроэнтероколит түрінде өтеді.

 

2025 жылдың 8 айы бойынша Алматы қаласында сальмонеллезбен сырқаттанушылық 29,9%-ға төмендеді. Ауырғандардың ішінде 14 жасқа дейінгі балалардың үлесі 44,2%-ды құрады.

 

Сауалнама нәтижелеріне сәйкес, науқастардың басым бөлігі дайындау технологиясы мен сақтау шарттары бұзылған үй жағдайында әзірленген сапасыз тағамдарды (құс өнімдері, ет және сүт өнімдері) тұтынған, сондай-ақ жеке бас гигиенасын сақтамаған.

 

Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары келесі алдын алу шараларын сақтауды ұсынады:

- дәретханаға барғаннан кейін, тамақ ішер алдында және тамақ дайындау алдында қолды сабынмен үнемі және мұқият жуу. Бұл қол арқылы инфекцияның берілу қаупін азайтуға көмектеседі;

- бактериялардың көбеюіне жол бермеу үшін тағамды тоңазытқышта төмен температурада сақтау. Сақтау кезінде дайындалған және шикі тағамдардың көршілестігін қадағалау, пісірілген және шикі тағам үшін жеке тақтайлар мен пышақтарды пайдалану қажет;

- тез бұзылатын өнімдердің жарамдылық мерзімін қадағалау;

- шикі сүтті және шикі сүттен жасалған өнімдерді тұтынудан аулақ болу, тек пастерленген немесе қайнатылған сүтті ішу;

- кремді кондитерлік өнімдер мен торттарды тек балғын күйінде тұтыну; оларды тоңазытқышта өндірілгеннен кейін 24 сағаттан артық сақтамау;

- рұқсат етілмеген сауда орындарынан ет, ет өнімдерін, құс етін, жұмыртқа, сүт және сүт өнімдерін сатып алмау;

- тағамды дұрыс пісіру, оны мұқият термиялық өңдеуден өткізу; шала пісірілген тағамды және шикі жұмыртқаны тұтынбау;

- көкөністерді, қарбыздар мен қауындарды, сондай-ақ тауық жұмыртқаларын ағынды судың астында мұқият жуу;

- жүзу кезінде тек ресми рұқсат етілген орындарда шомылу және суды жұтпауға тырысу;

- үстел мен ас үй ыдыстарын, тұрмыстық заттарды және балалар ойыншықтарын таза ұстау.

 

Балалар арасында аурудың алдын алуға ерекше назар аудару қажет. Әсіресе, аналар өмірінің бірінші жылындағы балаларды күту және тамақтандыру бойынша дәрігерлердің ұсынымдарын мүлтіксіз орындауы қажет.

 

Сальмонеллездің белгілері немесе симптомдары байқалған жағдайда дереу медициналық көмекке жүгіну және өзін-өзі емдеуден аулақ болу қажет.