Дерматомикоз және оның алдын алу шаралары

Дерматомикоз және оның алдын алу шаралары

Дерматомикоз - бұл тері мен оның қосалқыларының (шаш, тырнақ)  әртүрлі патогенді және шартты патогенді саңырауқұлақтармен туындаған жұқпалы ауруы.

 

2025 жылдың 8 айында Алматы қаласында дерматомикозбен сырқаттанушылық 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 100 мың тұрғынға шаққанда 6,06-дан 3,49 жағдайға дейін 42,4%-ға төмендеді. 14 жасқа дейінгі науқастанған балалардың үлес салмағы тіркелген жағдайлардың жалпы санының 89%  құрады.

 

Жұқпаның негізгі көздері - үй жануарлары, әсіресе қаңғыбас иттер мен мысықтар, сондай-ақ науқас адамдар. Жұғу жолдары:

- науқас адаммен немесе жануармен (әсіресе қаңғыбас иттер мен мысықтармен) тікелей байланыс арқылы;

- киім, аяқ киім, тарақ, сүлгі, маникюр құралдары сияқты жеке заттар  арқылы жанама байланыс арқылы;

- төсеніштер, төсек жабдықтары, жиһаз, ойыншықтар және басқа да ортақ пайдаланатын заттар арқылы.

 

Дерматомикоздың клиникалық белгілері әртүрлі. Көп жағдайда патологиялық процесс тері мен шашты зақымдайды. Тегіс теріде анық шектелген, көтеріңкі жиегі бар домалақ қабыну дақтары пайда болады. Олардың ортасында валик тәрізді қабыршақтану байқалады. Бұл ошақтар бірігуі мүмкін, қышу, ашу, ауыру сезімімен қатар жүреді. Шаш бөлігі зақымданғанда үсті сұр түсті қабыршақтармен жабылған қою қызыл түсті дақтармен қапталған қабыну элементтері түзіледі. Зақымдалған аймақта шаштар сынады. Аурудың инкубациялық кезеңі 1 аптадан 1 айға дейін. 

 

Балалар ұжымдарында дерматомикоздың алдын алуда келесі шаралар маңызды: науқастарды ерте анықтау және оларды оқшаулау, уақтылы арнайы ем жүргізу жеке бас гигиенасы ережелерін қатаң сақтау.  

 

Дерматомикозды жұқтырудың алдын алу үшін келесі ережелерді сақтау ұсынылады:

- басқа адамдардың бас киімін, киімін, аяқ киімін, тарағын, төсек-орын жабдықтарын және жеке гигиена заттарын пайдаланбау;

- қаңғыбас мысықтар мен иттермен байланыста болмау;

- жануарламен ойнағаннан немесе құм алаңында ойнағаннан кейін қолды сабындап мұқият жуу қажет;

- моншаға немесе душқа барып жуынып тұру (аптасына кемінде бір рет);

- сүлгілер мен төсек жабдықтарын ыстық суда жиі жуу, үтіктеу;

- тек санитариялық талаптарға сәйкес дезинфекция жүргізілетін монша, сауна, бассейн және спорт залдарға бару;

- ата-аналар балаларды жеке бас гигиенасын сақтауға үйретіп,  қаңғыбас жануарлармен байланысудың қауіптілігін түсіндіруі тиіс;

- үй мысықтары мен иттерде тері ауруларының алғашқы белгілері байқалған жағдайда, оларды ветеринарлық клиникаға апарып, тексертіп, емдеу қажет.

 

Теріде немесе шашты бөлікте қандай да бір бөртпелері пайда болса, дер кезінде диагноз қойылып, тиісті ем тағайындалуы үшін дереу дерматологқа жүгіну керек. Ауру расталған жағдайда, инфекцияның одан әрі таралуының алдын алу үшін науқаспен байланыста болған барлық отбасы мүшелері мен басқа да тұлғалар тексеруден өтуі тиіс.

 

Есте сақтаңыздар: кез келген аурудың алдын алу – оны емдеуден оңай!