Энтеровирустық инфекциялардың алдын алу шаралары

Энтеровирустық инфекциялардың алдын алу шаралары

Энтеровирусты инфекциялардың қоздырғыштары Enterovirus тектес ішек вирустары тобына, пикорнавирустар (Picornaviridae) тұқымдасына жатады. Оларға полиомиелит ауруын тудыратын полиомиелит вирустарының 3 типі,  А Коксаки вирусының 24 типі, В Коксаки вирусының 6 типі, ЕСНО -вирусының 34 типі және басқа энтеровирусының 5 типі (классификацияланбаған 68-72 вирустары) жатады.

 

Энтеровирустар адамда энтеровирустық инфекциялар деген терминмен біріктірілген бірқатар аурулар тудырады (өзіне тән емес қызбалық, сероздық менингит, өкпенің ісінуі, экзантемалар, перикардит, миокардит, сал және басқалар).

 

Энтеровирустар сыртқы ортада төменгі температураға төзімді (тоңазытқыштарда бірнеше апта сақталады), су құбыры суында 18 күнге дейін, өзен суында – 1 ай шамасында, ластанған ағынды суда - 2 айға дейін тіршілік етеді, сонымен бірге тұрмыстық заттар мен азық-түлік өнімдерінде (жеміс, көкөніс) сақталады.

 

Вирус қыздырған, қайнатқан кезде, хлорлы препараттар мен ультракүлгін сәулелер әсерінен тезірек жойылады. Кептіруге төзімсіз.

 

Энтеровирустардың таралу жолдары әртүрлі. Энтеровируспен сырқаттану нәжіс-ауыз қуысы арқылы (ластанған тағам өнімдері, көкөністер мен жемістер, су, әсіресе ашық су қоймаларында, хауыздарда шомылғанда), тұрмыстық жолмен (вирусты тасымалдаушымен тікелей қарым-қатынаста болу, немесе үйде қолданылатын ластанған заттар арқылы) және ауа-тамшылары (жөтелгенде, түшкіргенде сілекей тамшылары, қақырық арқылы) жолымен беріледі.

 

Инфекцияның жұқпа көзі - ауру адамдар мен вирусты тасымалдаушылар. Инкубациялық кезеңнің ұзақтығы 2 күннен 10 күнге дейін (ең ұзақ - 13 күнге) созылады.

 

Ауру дене қызуының 38-40 С градусқа жоғарлауы, әлсіздік, жүрек айну, құсу, жарықтан қорқу сияқты симптомдардан басталады.  Бұл симптомдар жүрек тұсының, іштің, бұлшық еттердің ауырсынуымен, тамақ ауруымен және оның герпестік бөртпелерімен бірге жүруі мүмкін. 

 

Кейбір жағдайларда жоғарғы тыныс алу жолдарында мұрыннан су ағу, жөтелу сияқты катаралды белгілер байқалады. Аурудың 1-ші және 2-ші күндері, әсіресе қолдарында, аяқтарында, ауыздың айналасында және қуысында бөрту пайда болады, бөртпе  ол 24-48 сағат бойы (кейде 8 күнге дейін) сақталады және одан кейін із-түссіз жойылады.  

 

Энтеровирустық инфекциялардың алдын алу шаралары кез келген ішек инфекцияларының шараларына ұқсас болып келеді. Ауырмау үшін келесі қағидаларды білу қажет:

 

- ішу үшін тек қана қайнатылған немесе бутылкадағы суды колдану керек; 

 

- әрбір тамақ ішер кезде және дәретханадан кейін қолды сабынмен жуып, жеке және қоғамдық гигиенаның қағидаларын қатаң сақтау қажет;

 

-түшкіргенде және жөтелгенде бір рет қолданатын майлықтарды пайдалану қажет;

 

- жемістер мен көкөністерді қолданар алдында алдымен щеткамен, сосын  қайнап тұрған сумен мұқият жуу керек;

 

- тек қана арнайы келісілген орындарда ғана шомылу қажет және оның суын жұтпауға тырысу керек;

 

- ауру деңгейі көтерілген кезеңде хауыздарға, аквопарктерге және ашық су қоймаларына барудан бас тарту керек;

 

- жеке адамдардан және сауда орындарына жатпайтын жерлерден тамақ өнімдерін сатып алмау керек;

 

- бөлмелерді жиі желдетіп, сулы тазалау жұмыстарын жүргізу қажет;

 

- ауырған балаларды бала-бақшаға және мектепке жебермеу керек.   

 

Естеріңізде болсын, ауырып ем іздегенше, аталған қарапайым шараларды орындап, оның алдын алу жеңілірек!        

 

Емдегеннен бұрын аурудың алдын алған жақсы!